Қазақ күресінен Еуропа чемпионаты Әзербайжанда өтті

Еркеғали Болатұлы

Бұл күрес түрінен 10 әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогы және 5 Еуропа чемпионаты өткен

фото: opennews.kz

27-28 қаңтар аралығында Әзербайжанның астанасы Баку қаласында қазақ күресінен ересектер арасында Еуропа чемпионаты өтті. Бұл туралы Қазақ күресі ассоциациясының Instagram-дағы ресми парақшасында хабарланды.

Аталған турнирге Еуропаның 10-нан астам елінің балуандары қатысқан. «Біріккен Күрес әлемі» (UWW) аясындағы жарыстың бағдарламасына сәйкес, ерлер 55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі, ал әйелдер 48, 52, 56, 60, 65, 70, 77, +70 келі салмақ дәрежесінде бақ сынады.

Қазақ күресі ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосыновтың айтуынша, қазақ күресі – Еуразия құрлығындағы барлық дәстүрлі күрес түрлері синтезінің нәтижесі.

Төл күресіміз 1938 жылдан бері республикалық жарыстардың бағдарламасына кіреді. Ал 2016 жылы қазақ күресі ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген. Бүгінге дейін қазақ күресінен 10 Әлем чемпионаты, 12 Азия чемпионаты, 6 Әлем кубогі және 5 Еуропа чемпионаты өтті. Кезекті Еуропа чемпионатының Әзербайжан елінде өтіп жатқанына қуаныштымыз. Чемпионатты жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан жергілікті Қазақ күресі федерациясының басшылығы мен ұжымына алғысымды білдіремін, – деді Дамир Бекбосынов қазақ күресінен ересектер арасында Еуропа чемпионатының ашылу салтанатында.

Еске сала кетсек, қазақ күресінен cоңғы Еуропа чемпионаты 2018 жылы Сербияның Зренянин қаласында өткен болатын.

Еуропа чемпионатының демеушісі – Sport Qory cпортты қолдау қоры.