Канвон-2024: Қазақстан жалпыкомандалық есепте 17-орында тұр
Қысқы Олимпиада бел ортасынан асты
Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясының Каннын қаласында қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасының басталғанына 10 күн өтті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы.
Қазір Қазақстан спортшылары 1 алтын, 2 қола медальмен жалпы есепте 17-сатыда тұр. Елімізге алғашқы алтын жүлдені Илья Мизерных сыйласа, Полина Омельчук (шорт-трек) пен хоккейден ұлттық құрама командаларымыз қола медальді жеңіп алған.
Бүгін Ұлттық құрама спортшылары шаңғымен жарыста және кёрлингте сынға түсті. Мерей, Ибрагим Тастеміровтер топтық кезеңде Швейцария құрамасына (Яна-Тамара Хахлен, Невио Каччивио) жол берді. Есеп – 1:9.
Осыдан кейін шаңғымен жарыста Қазақстан атлеттерінен жақсы нәтижені Берік Боранбаев көрсетті. Ол спринтте іріктеуден сүрінбей өтіп, ширек финалдан әрі аса алмады. Әубәкір Тотанов 37-сатыға тұрақтады (3:18.78). Қыздар арасында Виолетта Митропольская 33-ші (3:50.35), Милана Мамедова 56-орыннан көрінді (4:13.16).
Спринтте қыздар арасында Эльза Тенгландер (Швеция, 3:33.98) топ жарса, Кайса Йоханнсон (Швеция, 3:33.98) екінші, Нейли-Лотта Карпеллин (Финляндия, 3:34.46) үшінші сатыға жайғасты. Ұлдарда Федерико Поцци (Италия, 3:16.27) Олимпиаданың чемпионы атанды. Күміс жүлдені Элиас Мохта (Германия, 3:16.60) иеленсе, қола медаль Тэйбор Гринбергке (АҚШ, 3:17.33) бұйырды.
Ертең шаңғымен 7,5 шақырымға жарыс (классикалық жүріспен) болады. Спортшылар Астана уақытымен 8:00-де (ұлдар) және 10:30-да (қыздар) шығады. Ал кёрлингтен Қазақстан мен Италия ойыны 15:00-де басталады. Жасөспірімдер Олимпиадасы 2 ақпанда мәресіне жетеді.
IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасын Olympics.com Youtube арнасынан көруге болады.