Білім беру, авиация: Қазақстан мен Қырғызстан арасында 10 құжатқа қол қойылды
Қазақстан мен Қырғызстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз көшбасшысының Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты. Атап айтқанда, екі ел үкіметтері арасындағы байланыстардың жандануы, жаңғырған «Қордай – Ақ жол» өткізу бекетінің ашылуы, тұрақты гуманитарлық көмек көрсету және электр энергиясымен алмасу жөнінде сөз болды.
Қазақстан Президенті өзара экспорттық номенклатураны кеңейту, қазақ-қырғыз шекарасындағы өткізу мүмкіндігін, соның ішінде кедендік рәсімдерге цифрлық шешімдерді енгізе отырып жақсарту арқылы тауар айналымын ұлғайту мәселелеріне тоқталды.
Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен өңірлер арасындағы кең ауқымды ықпалдастықты жолға қоюдың маңызды екенін атап өтті. Осы ретте, президент Қазақстан мен Қырғызстан арасында бірінші Өңіраралық ынтымақтастық форумын тез арада ұйымдастырудың маңызды екенін айтты.
Мемлекет басшысы өзара тиімді ұсыныстарды зерделеп және перспективті жобалардың тізімін жасай отырып, инвестициялық ынтымақтастықты жандандыруға шақырды. Қырғызстанда гидроэнергетикалық нысанды, атап айтқанда Қамбар ата ГЭС-ін бірлесіп салу соның бірі болуы мүмкін.
Мәдени-гуманитарлық байланыстар бауырлас екі халықтың жақындай түсуіне маңызды үлес қосады. Мемлекет басшысы Бішкек қаласының орталығында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткішін ашу жөніндегі шешімі үшін Садыр Жапаровқа алғыс білдірді. Екі ел президенттері бүгінгі келіссөздерден кейін осы монументтің салтанатты ашылу рәсіміне барады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз кезегінде Нұр-Сұлтан қаласында Манасқа ескерткіш қойылатынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның сегіз жоғары оқу орны Қырғызстанда өкілдіктерін ашуға ниет білдіріп отырғанын атап өтіп, қырғыз студенттері үшін бөлінетін квоталардың саны 50-ге дейін көбейгенін жеткізді.
Келіссөздер барысында су дипломатиясы, ақпараттық технология саласындағы кооперацияны нығайту мәселелері қарастырылды.
Кездесу аясында Қазақстан мен Қырғызстан көшбасшыларына «Қарасу» және «Ақ-Тілек» өткізу бекеттерінің аумағында «Алатау» индустриялды сауда-логистикалық кешені құрылысының басталғаны туралы бейнесюжет көрсетілді. Бұл нысанның салынуы арадағы делдалдардың санын азайтуға, тұтынушылар үшін өнімнің өзіндік құнын төмендетуге және жеткізу жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров екіжақты ынтымақтастықты мейлінше жаңа деңгейге көтеруге, серіктестікті одан әрі жандандыруға және халықаралық аренадағы іс-қимылдарды үйлестіруге бағытталған бірлескен мәлімдемеге қол қойды.
Содан кейін мемлекет басшыларының қатысуымен ресми делегациялардың мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:
- Алматы облысының әкімдігі (Қазақстан) мен Ыстықкөл облысының (Қырғызстан) өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастықты нығайтуға байланысты келісімді жасасу ниеті туралы хаттама;
- Түркістан облысының әкімдігі (Қазақстан) мен Ош облысы (Қырғызстан) өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум;
- Жамбыл облысының әкімдігі (Қазақстан) мен Талас облысы (Қырғызстан) өкілетті өкілінің аппараты арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандум;
- Сауда және интеграция министрлігі (Қазақстан), Экономика және коммерция министрлігі (Қырғызстан) және «JOINT TECHNOLOGIES» ЖШС арасындағы «Ақ тілек» және «Қарасу» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешен инфрақұрылымына инвестициялау туралы меморандум;
- Ауыл шаруашылығы министрлігі (Қазақстан) мен Ауыл шаруашылығы министрлігі (Қырғызстан) арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
- Шекара маңы аумақтарында табиғи өрттердің профилактикасы және оларды сөндіру жөніндегі үкіметаралық келісім;
- Авиациялық іздестіру және құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісім;
- 2006 жылғы 4 шілдедегі Қырғызстан үкіметі мен Қазақстан үкіметі арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама;
- 1996 жылғы 26 тамыздағы Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы Азаматтық және қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету туралы шартқа өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама;
- Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай 2022 жылға арналған Сыртқы істер министрліктері арасындағы бірлескен іс-шаралар жоспары.