3 кодекс пен 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп жатыр
Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палатада депутаттар, сарапшылармен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері және оған ілеспе түзетулер туралы заң жобасы талқыланды. Құжат бірқатар жаңашылдықтарды, соның ішінде елімізде сыбайлас жемқорлыққа жол берген шенеуніктердің мемлекеттік тізілімін енгізуді көздейді.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұловтың айтуынша, түзетулер арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасы ішінара іске асырылып жатыр. Негізгі заң жобасы 6-7 саланы қамтиды. Олардың қатарына сыбайлас жемқорлыққа жол берген лауазымды тұлғалардың мемлекеттік тізілімін енгізу, пара ұсынған және уәде бергені, сондай-ақ пара алуға, талап етуге келісім бергені үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілген.
Жалпы, 3 кодекс пен 5 заңға өзгерістер мен толықтырулар жасалып, соған байланысты Әкімшілік кодекске де жоба енгізіледі.
Заң жобаларын жетілдіру бойынша ұсыныстарды Мәжіліс депутаттары Марат Бәшімов пен Екатерина Смышляева, «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің директоры Дидар Смағұлов, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалысының төрағасы Мэлс Семғалиев жасады.
Алматы жоғары менеджмент мектебінің президенті Қанат Нұров бопсалау нәтижесінде пара беру уәдесін ерекше атап өтіп, ол үшін қылмыстық жауапкершілікті нақтылау қажеттігін жеткізді.
Саясаттанушы Данияр Әшімбаев құқық қолдану тәжірибесінің мәселелеріне тоқталды. Мысал ретінде ол әкім болу үшін ақша берген адамның ісін алға тартты.
Осыған байланысты мен осындай атышулы істерге қатысты құқық қолдану тәжірибесіне талдау жүргізілсе деймін. Яғни, біз заңдарды жазамыз, содан кейін олар орындау тұрғысынан абсурдтық шегіне жетеді. Ережелерді қатайту туралы заң енгізе отырып, осы нормалардың іс жүзінде беделін түсірген жағдайларды қарастырайық, - деді Данияр Әшімбаев.