СҚО-да дәрігерлер жедел жәрдем стансасы ғимаратын жабуды талап етті
Петропавлдағы жедел жәрдем ғимараты сонау 1905 жылы салынған
Солтүстік Қазақстандағы дәрігерлер жедел жәрдем станса ғимаратын жабуды талап етті. Себебі 119 жыл бұрын салынған ғимаратта отыру мүмкін емес. Қызметкерлердің айтуынша, 500-ден астам адам әр шаршы метрді есеппен қолдануға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ғасырдан ұзақ тұрған нысан қазіргі адам санына да, техника көлеміне де сай емес. Қызметкерлердің айтуынша, тар болғаны соншалық, кейде тіпті фельдшерлер отыратын орын таппай қалады.
Акт залы кішкентай. Жиналыс жасаған кезде барлық адам сыймайды. Жиналысқа дәлізде тұрып қатысады. Демалыс бөлмесі де тар, – деді Жедел жәрдем қызметінің аға дәрігері Айбарша Жұмағалиева.
Жедел жәрдемнің көлік тұрағында да сондай жағдай. Орын тапшы болған соң, жүргізушілер арнайы машинаны далаға қойып жүр.
25 машинамыз бар. Ішке соның 12-сі ғана сыяды. Қалғаны далада тұрады. Көлікті жөндейтін орын да жоқ, – деді жедел жәрдем қызметінің қызметкері Жасұлан Мұхамединов.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мәселені біледі. Олардың айтуынша, перинаталдық орталықты көшіріп, солардан қалған ғимаратқа жедел жәрдемді орналастыру көзделген. Бірақ ол үшін әуелі көпсалалы аурухананың құрылысы аяқталуы қажет.
Перинаталдық орталық отырған ғимараттың аумағы 7 мың шаршы метр болады. Жедел жәрдемге нысанның екі қабатын беру жоспарланып отыр. Бұл шамамен 2 мың шаршы метр аумақ. Қызметкерлердің емін-еркін орналасуына, қажетті құрал-жабдықтарын қойғанға жеткілікті болады, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Кұмар Кұсемісов.
Петропавлдағы жедел жәрдем ғимараты сонау 1905 жылы салынған. Содан бері нысан бір де бір рет кеңейтілмепті.