Қазақстанда Ресей азаматы жоғалды

Дастан Жұмабекұлы

Ол он күннен бері табылмай жатыр

фото: polisia.kz

Ақмола облысының полицейлері із-түссіз жоғалған Ресей Федерациясының 45 жастағы Сергей Бирюков деген азаматын іздестіруде.

Ол 17 мамырда Көкшетау қаласының орталық базарынан кетіп, осы уақытқа дейін оның қайда жүргені, қайда орналасқаны белгісіз болып отыр.

Осыған байланысты 22 мамырда Көкшетау қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне Ресей азаматының қайынағасы іздестіруге көмек сұрап, өтініш жазды.

Полицейлер анықтағандай, жоғалған азаматтың бойы 160-165 см, дене бітімі орташа, сақалы мен шашы ағарған, шашы қысқа. Үстіне қара күртеше, көк түсті футболка, баумен байланатын ақ түсті кеды, қара түсті кепка, қара түсті джинсы шалбар киген. Өзімен бірге РФ азаматының паспорты мен «Samsung» телефоны болған.

Жоғалған ер адамды іздестіруге Көкшетау қаласы полиция басқармасының, Ақмола облысы ПД аумақтық бөлімшелерінің, Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімінің жеке құрамы мен еріктілер жұмылдырылды.

«Криминалдық полиция басқармасы қызметкерлерінің ішінен тоғыз жедел-іздестіру тобы құрылды. Полиция жоғалған ер адамның болуы мүмкін жерлерді, қонақ үйлерді, жалдамалы пәтерлерді, теміржол және автовокзал аумағын тексеруде.

Іздестіру туралы хабар әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге жолданды. Іздеудегі Бирюковтың орналасқан жері туралы мәліметті білетіндерден 8-705-112-79-29 немесе 102 телефонына хабарласуды сұраймыз», - делінген хабарламада.