Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кәсіпкерлік белсенділік белгілері бар азаматтардың мобильді аударымдары тексеріле бастады. Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті даяшылар мен такси жүргізушілерінің енді заң бұзбай, қалай жұмыс істейтінін айтып берді, деп хабарлады Zakon.
Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Заңғар Шындалидың айтуынша, бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді.
Мемлекеттік кірістер органдары барлық мобильді аударымдарды тексермейді. Тек кірістерін жасырған немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, жеке шотына 3 ай ішінде 100 және одан да көп адамнан ұялы байланыс арқылы аударым алған тұлғалар ғана тексерілуге жатады, - деді Заңғар Шындали.
Журналистер кейбір даяшылардың өз нөмірлеріне аударымдарды әлі де қабылдайтынын атап өтті. Осы орайда дәмханалар мен мейрамханалардың иелері осылайша табыстарын жасырып отыр ма деген сұрақ туындайды.
Әсіресе үшінші тұлғалардың шоттарына аударымдарды қабылдау дұрыс емес. Бәлкім жасыру фактілері бар шығар. Өйткені даяшы мен мейрамхана иесінің кәсіпкерлік қызметінде ешқандай байланыс жоқ. Сондықтан бұл жерде алдымен төлемді POS-терминалдар арқылы немесе қолма-қол ақшамен төлеуді талап ету керек және түбіртек қажет, - деп жауап берді Заңғар Шындали.
Маманның айтуынша, осылайша мейрамхана иесі өз қызметкерлерін тәуекелге ұшыратады. Өйткені даяшыларға аударымдарды тексеру кезінде сұрақтар туындауы мүмкін.
Сондай-ақ ол QR-кодтары бар терминалдары жоқ такси жүргізушілерінің қазір қалай жұмыс істеуі керектігін айтты.
Егер таксиге тапсырыс беретін қызметті айтсаңыз, біз де талдау жасадық. Ол жерде ешқандай жасыру жоқ. Өйткені тұтынушының шотынан ақша алушының шотына есептен шығарылады. Ол жерде бақылау-кассалық аппарат қолданылады және барлық транзакциялар жазылады. POS терминал қажет емес.
Егер картада қаражат жеткіліксіз болса және сіз қолма-қол ақша төлейтін болсаңыз, онда бұл қосымшаның да осындай функционалдығы бар. Ол жүргізушіні алаңдатпай, автоматты түрде чектер шығарады және оларды тіркейді», – деді Заңғар Шындали.