Halyq Uni логотип
×

Андрей Шевченко Украина футбол қауымдастығының басшысы болды

Ол 2004 жылы әлемнің үздік футболшысына берілетін «Алтын доп» сыйлығын алған

 Дастан Жұмабекұлы 26.01.2024 | 12:03
Андрей Шевченко Украина футбол қауымдастығының басшысы болды
Фото: Claudio Villa

Украинаның атақты футболшысы Андрей Шевченко жаңа қызметке тағайындалды. Ол Украина футбол қауымдастығының президенті болып сайланды.

Бұл қызметке Шевченко жалғыз үміткер болды. Бұған дейін қауымдастықты Андрей Павелко басқарды. Ол былтыр қаражат жымқырды деген күдікпен ұйымнан аластатылды.

Андрей Шевченко 1976 жылы Киев облысында туған. 47 жаста. Ол – Киевтің «Динамо» футбол клубының түлегі. 1986-1993 жылдары осы клубтың жастар жасағында ойнап, 1993-1999 жылдары, сосын 2009-2012 жылдары ересектер командасында доп тепкен. 1996-2006, 2008-2009 жылдары Италияның «Милан» клубында, 2006-2009 жылдары Англияның «Челси» жасағында өнер көрсеткен.

2004 жылы «Милан» клубының сапында әлемнің үздік футболшысына берілетін «Алтын доп» сыйлығын алған.

1993-2012 жылдары клубтарда ойнаған кезде алаңға 442 рет шығып, 221 гол салған. Соның ішінде Киевтің «Динамосында» 168 матч ойнап, 82 голдың авторы атанған. «Миланда» ойнағанда 226 матчқа қатысып, 130 рет қақпаны дәл көздеген. Ал «Челсиде» 48 рет команданың жейдесін киіп, 9 допты торда тулатқан.

Шевченко 1994-1995 жылдары Украинаның 18 және 21 жасқа дейінгі ұлттық құрама командаларының сапында 15 рет алаңға шығып, 13 гол салған. Осыдан кейін ол 1995 жылы бірден ересектер құрамына шақырылып, 2013 жылға дейін ойнады. Осы уақытта 111 рет ұлттық құраманың жейдесінде ойнап, 46 голдың авторы болған.

2016-2021 жылдары Украина ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы қызметін атқарды. Содан кейін Италияның «Дженоа» клубының бас бапкері болды.

Шевченконың жетекшілігімен Украина елі 2021 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алып, ширек финалға жеткен болатын. Ал өзі 2006 жылы ұлттық құрама сапында әлем чемпионатының ¼ финалында ойнаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама