Экс-министр 2020 жылғы 3 қарашада қамауға алынды
Бүгін елордада бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісі бойынша басты сот талқылауы басталды. Отырыс басталмас бұрын журналистер сот залына келген экс-министрге сұрақ қойды.
Осы отырыстан кейін жауап беруге мүмкіндік болады. Себебі қазір дайындалуымыз керек, - деп жауап берді Біртанов.
«Елжан Амантайұлы, өзіңіздің 100 процент ақ екеніңізге сенімдісіз бе?» деген сауалға ол сотта істің мән-жайы анықталатынын айтты.
«Сот басталайын деп жатыр ғой. Сотта бәрін естисіздер, менің ойым. Берген сұрақтарға жауаптарым. Дайындығым жақсы», - деді ол.
Еске сала кетейік, Елжан Біртанов 2017-2020 жылдар аралығында Қазақстанның Денсаулық сақтау министрі лауазымын атқарды. Мемлекет басшысының жарлығымен 2020 жылғы 25 маусымда Денсаулық сақтау министрі қызметінен босатылды;
2020 жылғы 3 қарашада экс-министрге қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. 2020 жылғы 7 қарашада төрт айға үйқамаққа алынды. Нұр-Сұлтан қаласының тергеу соты экс-министрдің үйқамақтағы мерзімі бірнеше рет ұзартты.