Дубайда өткен мәртебелі бәйгеде мәреге бірінші болып келген – Кабирхан атты тұлпардың иесімен сұқбат
Бұған дейін Дубайдағы әлемдік додада Қазақстанның сәйгүліктері жүлделі орындарға ілінбеген. Алайда тумысынан тұлпар болған Кабирхан деген ат отандастарымыздың мерейін үстем етіп, мейманасын тасытты. Аттың иесінің айтуынша, оны сат деп қолқа салғандар көп болған.
Сәйгүліктің иесі Тілек Мұханбетқалиев Ұлттық спорт қауымдастығының Youtube-арнасына берген эксклюзивті сұхбаты барысында біршама тың деректермен бөлісті. Айтуынша, Кабирханның тұрқын көрген ат сыншылары оны 100 жылда бір туатын тұлпар деп бағалаған. 9 рет бәйгеге шауып, соның сегізінде бірінші, тек біреуінен екінші келген Кабирханға ат ұстаушылардың назары бірден ауған.
Кабирханды сат дегендер көп болды. Ресейден де сұрады. Бірақ келісе алмадық. Қанша ұсынғандары құпия болып қалсын. Ең көбі 1 миллион доллар ұсынды, сатпадым, – дейді аттың иесі.
Сондай-ақ Тілек Мұханбетқалиев АҚШ-тан 12 долларға алынған Кабирханның өзін баяғыда-ақ ақтап тастағанын жасырмады. Жарыстарға қатысқан сайын оның рейтингі өсіп жатқанын жеткізді.
Біраз жүлде ұтты. Өз-өзін ақтап қойған. Ресейде 5,5 миллион рубль ұтты. Теңгеге шақсақ, 27 миллион теңге. Ал Дубайда 126 мың дирхем жеңді. Енді оны курспен есептесек, 35 мың АҚШ доллары, – деді Тілек Мұханбетқалиев.
ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының Youtube желісінде каналы ашылды. Алғашқы эксклюзив сұқбат Дубайда өткен мәртебелі бәйгеде мәреге бірінші болып келген – Кабирхан атты тұлпардың иесі Тілек Мұханбетқалиевпен.
Айта кетейік, 12 қаңтарда Дубайда өткен мәртебелі бәйгеде қазақстандық Тілек Мұханбетқалиевтің тұлпары топ жарған еді.