Күдікке ілінгендер тергеу кезінде полиция азаптады деп шағымданған
Атыраулық азаматты аямай соққыға жығып, мүгедек қылғандар бостандықта жүр. Осылай деген Саламат Жексемәлиевтың туыстары бір жылдан бері тергеліп жатқан іс жабылып қала ма деп алаңдайды, деп хабарлады Астана телеарнасы.
Туыстарының айтуларынша, былтыр ақпан айында 5 жігіт ішімдік ішіп, төртеуі Саламатты өлімші қып сабаған. Салдарынан соқталдай азамат әлі күнге жүріп-тұра алмайды, сөйлемейді.
Телеарна хабарлауынша, сурет Саламаттың екі ай бойы ес-түссіз жатқан кезі. Қазіргі жағдайы да мәз емес. Әлі күнге біреудің көмегіне мұхтаж. Сөйлей алмайды. Екінші топ мүгедегі. Көп балалы әке ол күнге дейін ауысымдық әдіспен электрик боп еңбек еткен. Сол күні достарымен жиналып, ішімдік ішіпті. Кеше ғана оқиға болған күнді есіне түсіріп, туыстарына «есімді жиғанда аяқ-қолым байлауды болды»,- деп телефонмен хабарлама жіберген. Саламаттың отбасы ұрып-соққандар әлі күнге бостандықта жүргеніне наразы.
Інімнің мынадай жағдайда жатқанын көре алмай жаным ауырып, прокуратураның алдына тағы келіп тұрған жайым бар. Алдын тоздыруға әлі де жүре беремін. Қашан іс бітіп, менің інімнің құқығы деген тапталып жатыр қазіргі таңда. 4 жігіт болған 4еуі де әлі бостандықта жүр, дейді жәбірленушінің әпкесі Нұргүл Жексемәлиева.
Інісін қарлығаштай қорғаштап келген әпкесімен тілдесуге прокуратурадан ешкім шыға қоймады. Күзетшілер анда-мында телефон шалып, арнайы жазылып келуге кеңес берді. Тек кетпесін білген соң бір сағат бойы күттіріп, бой көрсетті.
Мына жерде сотқа дейінгі тексеру жүрізіліп жатыр. 201 баптың талаптары бар сотқа дейінгі тергеп тексеру жүргізілген кезде құпиялық сақталады. Бізде сотқа дейінгі тергеу орны бекітілген. Ол бізде қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті. Қазіргі таңда қылмыстық іс олардың өндірісінде, - дейді облыстық прокуратураның сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қадағалау басқармасының бастығы Шыңғыс Несіпқали.
Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті өкілдері, істі 10 күн бұрын Полиция департаментіне жолдау үшін прокуратураға жібердік,- дейді.
Айта кетейік, күдікке ілінгендер тергеу кезінде полиция азаптады деп шағымданған. Салдарынан мүгедек боп қалған азаматтың ісі тасада қалып, оның орнына прокурорлар полицейлерді тергеуді қолға алған. Осылайша жедел уәкілдер жаза арқалап кетті. Ал Саламат Жексемәлиевтің туыстары кінәлілер жазасын алмайынша, әділдік іздеуімізді тоқтатпаймыз,- деп отыр.