Бүгін тағы бір үшем дүниеге келді
Үш қызға Әмина, Сабина және Медина есімдері берілді
Түркістан облысы Сарыағаш қаласының тұрғыны, 38 жастағы көпбалалы ана Гүлмира Даурбаева 3 қызды дүниеге әкелді. Сәбилердің салмағы – 2 келі, 2 300 және 1 900 грамм.
Ардақты анаға дәрігерлер кесарь тілігі арқылы ота жасап, босандырып алған. Қазір мерзімінен бұрын туған сәбилердің жағдайы қалыпша. Үшемге туыстары Әмина, Сабина және Медина деген есімдер қойған.
Гүлмира Даурбаеваның үшемнен басқа тағы 5 баласы бар. Сөйтіп, сарыағаштық ана 8 баланың анасы атанды. Мерзімінен бұрын дүние есігін ашқан сәбилерге жансақтау бөлімінің мамандары ерекше күтім жасаған.
Былтыр №1 облыстық перинаталдық орталықта 158 егіз бен 2 үшем дүниеге келді. Ал 18 қаңтарда Астанада Ажар Қабитова есімді келіншек егізден кейін үшем босанды. Үшемге Әлихан, Әмірхан, Әміре деген есім қойылды.
Оның алдында 6 қаңтарда Қызылордада Ақбота Әбсаттар 1 ұл, 2 қызды дүниеге әкелді. Оларға Әлинұр, Адина мен Медина деген есім берілді.