Halyq Uni логотип
×

Канвон – 2024: Олимпиадада хоккейшілер қола жүлдеге таласады

Ертең Аустрия құрамасымен үшінші орын үшін матч болады

 Дастан Жұмабекұлы 24.01.2024 | 17:06
Канвон – 2024: Олимпиадада хоккейшілер қола жүлдеге таласады
Фото: Сали Сабиров

Бүгін Канвон қаласында өтіп жатқан қысқы спорт түрлерінен IV жасөспірімдер Олимпиадасының бесінші жарыс күні ұлттық құраманың спортшылары 4 бағдарламада медаль үшін сынға түсті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы.

Биатлоннан аралас командалық эстафетада (4×6 шақырым) Қазақстанның намысын Әлема Қарабаева, Эвелина Мезенцева, Кирилл Зотов пен Антон Редькин қорғап, 11-сатыға табан тіреді. Жарысты Әлема сөреде 26 құраманың ішінде 8-нөмірмен бастады. Мәреге Италия құрамасы бірінші болып келсе, Франция күміс жүлде алды. Ал Чехия үшінші орынды қанағат тұтты.

Осымен бұл спорттан жарыс аяқталды. Ұлттық құраманың биатлоншылары осымен екінші ойыннан жүлдесіз қайтты. Алғашқы Олимпиадада (2012 жылы) Галина Вишневская-Шепоренко күміс және қола медаль алса, араға 4 жыл салып, Лиллехаммерде Арина Пантова қола медаль жеңіп алған.

Биатлон қазақ атлеттері қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында ең көп жүлде алған спорт саналады.

Ал шорт-тректен аралас командалық эстафетада ұлттық құраманың жолы болмады. Жартылай финалдағы жарыста Ерасыл Шыңғысхан құлап қалып, команда жарыстан шығарылды. Финалда Қытай спортшылары топ жарса, күміс жүлде АҚШ-қа, қола медаль Жапонияға бұйырды.

Қазақстан шорт-тректен толық құрам (2 ұл, 2 қыз) қосқан 9 команданың бірі болды. Данабек Хаиров жаттықтыратын спортшылар Канвонда 1 қола жүлдеге (Полина Омельчук, 1000 метр) ие болды.

Тау шаңғысынан гигант слалом жаттығуында отандасымыз Ростислав Хохлов жалпы есепте 33-орын алды. Мұнда барлығы 79 ұл бақ сынады. Алтын Нэш Хуот-Марчандтың (Франция) уысында кетсе, Зак Кэррик-Смит (Ұлыбритания) күміс алып, ал қола медаль Флориан Ньюмайерге (Аустрия) бұйырды. Ертең ұлдар мен қыздар слалом түрінен жарысқа шығады.

Хоккейден (3×3) ұлттық құрама жартылай финалда Латвияға есе жіберіп, финалға жолдама ала алмады. Есеп – 5:19.

Енді Қазақстан командасы Данияға есе жіберген Аустриямен қола жүлдені сарапқа салады. Ойын ертең Астана уақытымен таңғы 9:00-де басталады.

Қазір Қазақстан спортшылары 1 алтын, 1 қола медальмен жалпы есепте Чехиямен бір қатарда, 15-сатыда тұр. Көш басында тұрған Италияның 9 алтын, 2 күміс, 2 қоласы бар. Одан кейін 6 алтын медальмен Франция және Германия қатар келе жатыр.

Еске сала кетсек, IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасын Olympics.com Youtube арнасынан көре аласыздар.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама