Ақтөбеде Қазақстан футбол тарихындағы қымбат трансфер жасалды
Клубтың сапына камерундық 28 жастағы жартылай қорғаушы Габи Кики қосылды
Камерундық 28 жастағы жартылай қорғаушы Габи Кики «Ақтөбе» футбол клубымен келісімшартқа қол қойды. Бұл туралы клубтың баспасөз қызметі хабарлады.
Қолда бар мәліметке қарағанда, онымен 1 млн еуроға келісімшарт жасалды.
Габи Кики футболшы мансабын Камерунның «Бомс» клубында бастап, кейін «Эдинг Спорт» клубында ойнады. Одан кейін ол Беларусьтің «Днепр» (Могилев), «Динамо-Брест» пен «Рух» (Брест) клубтарының жейдесінде алаңға шықты.
Беларусь чемпионы атанып, осы елдің Суперкубогын екі рет жеңіп алды.
2022-2023 жылдары Молдованың «Шериф» командасында ойнап, елдің екі дүркін чемпионы атанды. Сонымен бірге Молдованың екі дүркін кубогының иегері болды.
Габи Кики «Шерифтің» құрамында УЕФА Еуропа лигасының топтық кезеңінде екі рет ойнады.
Бұған дейін ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Рамазан Оразов Словенияның «Копер» клубынан «Ақтөбеге» қайтып келген еді. Одан басқа, биылғы маусымда «Ақтөбенің» намысын Дмитрий Парфенов, Бағдат Қайыров, Игорь Шацкий мен Игорь Трофимец қорғайтын болады.