×

Инвестор үшін Qazaq Air-дің қарызын өтеу мерзімі ұзартылды

Қайтадан сатуға шығарылған компанияның 38 млрд теңге берешегі бар

 Ербол Тұрымбет 24.01.2024 | 15:20
фото: sk.kz

Қайтадан сатуға шығарылған Qazaq Air әуе компаниясының қарызын өтеу мерзімі ұзартылды. Қазір оған ынталы инвестор ізделіп жатыр. Былтыр тамызда сатуға шығарылып, бірақ өтпей қалған компанияның мойнында 38 млрд теңге қарызы бар. Бұл туралы «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының даму және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжан қорлдың қоғңамдық кеңесінің отырысында айтты.

Qazaq Air «Самұрық Қазына» АҚ-ның жекешелендіру бағдарламасына енгізіліп, сол бағдарлама бойынша былтыр тамызда инвесторлар үшін екікезеңді ашық конкурс жарияланған еді. Дегенмен, конкрус талаптарына сай келетін өтініш түспеді. Бірақ көптеген инвестор, оның ішінде халықаралық инвесторлар тарапынан қызығушылық байқалған.

«Жеке инвесторлар баламалы өтініштерін үсынды. Сол ұсыныстарды қарастырып, халықаралық консультантпен бірге жаңа конкурстың талаптарын жасадық. Ол қазір жүріп жатыр. Жаңа конкурстың былтырғыдан басты айырмашылы, Qazaq Air-дің қарызын өтеу мерзіміне байланысты. Компанияның 38 млрд теңге қарызы бар. Жаңа конкурс талаптары бойынша сол қарызды өтеу 2044 жылға дейін созылды. Басқа талаптары өзгермеді», дейді Салтанат Сәтжан.

Оның сөзінше, ол қарыз – 5 әуе кемесін сатып алу үшін Ұлттық қордан алынған ақша.

Жаңа конкурс 29 қаңтарға дейін жүреді. Оған кез келген инвестор қатыса алады.

Айта кету керек, аталған әуе компаниясының саудаға шығарылғанын былтыр жазған едік. Онда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ өзіне тиесілі «QAZAQ AIR» АҚ-ның 49%-дан 100%-ға дейінгі акцияларын сататынын хабарлаған.

QAZAQ AIR – тұрақты ішкі және халықаралық әуе рейстеріне қызмет көрсететін, пайдаланушы сертификаты бар Қазақстанның үш ірі коммерциялық әуе компаниясының бірі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама