23 мамыр күні жеке құрамның 90 пайызға жуығы қызметтен кетуге рапорт жазып тапсырған
Ресейдің элиталы Таман дивизиясының әскерилері Украинадағы соғысқа бармау үшін жаппай өтініш жазып, отставкаға кете бастады. Бұл туралы Obozrevatel.com хабарлады.
Порталдың хабарлауынша, соңғы кезде мұндай жағдай көбейіп кетті. Мәселен, гвардиялық 2-Таман дивизиясына қарасты 1-танк полкының әскери қызметкерлері әскери қызметтен жаппай кеткен. 23 мамыр күні жеке құрамның 90 пайызға жуығы осылай қызметтен кетуге рапорт жазып тапсырған.
«Ресей армиясындағы моральдық-психологиялық атмосфера өте нашар. Әскерилер командование алға қойып отырған шабуылдың түпкі мақсаты не екенін енді түсіне бастаған сияқты. Ал Украинада соғыста жүрген солдаттар арасында өз еріктерімен тұтқынға беріле бастағандар көбейіп келеді. Олар «200-жүк» болып, үйге цинк табытпен қайтқанша, украин әскерлерінің қолдарына түсе салғанның өздері үшін ең тиімді жол екенін түсініп отыр», - делінген хабарламада.
Украина қауіпсіздік қызметі Ресей әскерилерінің көбісі мақсатсыз соғысудың өздеріне өлімнен басқа ештеңе алып келмейтінін біліп отырғанын айтуда.
«Оккупанттарға соғыстан шығып кетудің бұдан басқа тәсілі жоқ. Бұлай болмаған жағдайда Ресей басшылығы сарбаздарды үйлеріне не өлідей, не ештеңеге жарамайтындай жаралы қалыптарында ғана қайтарады», – деп атап өтті ведомство.