Halyq Uni логотип
×

Астана тұрғыны егізден кейін үшем босанды

Сәбилерінің бәрі – ұлдар. Балалардың салмағы – 3 мың, 2 300 және 2 500 грамм

 Дастан Жұмабекұлы 24.01.2024 | 09:37
Астана тұрғыны егізден кейін үшем босанды
Фото: egemen.kz

18 қаңтарда Астанада биылдыққа алғашқы үшем дүниеге келді. Үшемді осыған дейін егіз бала туған келіншек босанды. Сәбилер №2 қалалық көпсалалы аурухананың акушерлік блогында дүниеге келді, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Сәбилердің анасы Ажар Қабитова жұбайымен бірге 2020 жылы дүниеге келген қыздары мен 2022 жылы туған егіз балаларын тәрбиелеп отыр. Жас ана жүктіліктің 34-аптасында босанды. Сәбилерінің бәрі – ұлдар. Балалардың салмағы – 3 мың, 2 300 және 2 500 грамм.

Жаңа туған нәрестелер бір аптаға жуық уақыттан бері №2 қалалық көпсалалы ауруханада жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, балалардың денсаулығы жақсы, аздап салмақ қосып келеді. Ұдайы дәрігерлердің бақылауында. 24 қаңтарда үйлеріне шығарылады.

Сәбилерін дүниеге әкелуіне көмектескені үшін Ажар өзінің Instagram аккаунтында дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Астана қаласындағы №2 қалалық көпсалалы аурухананың медициналық персоналы мен акушерлік блок дәрігерлеріне, атап айтқанда, Ардана Айдарбекқызы мен Венера Усаинқызына алғысымды білдіремін, – деді ол.

Бұған дейін Қызылордада үшем дүниеге келген болатын. Олар анасымен бірге біршама уақыт дәрігерлер бақылауында болған соң, перзентханадан үйіне шығарылды.

Жалпы, оңтүстік өңір туу көрсеткіші бойынша алда келеді. Мысалы, былтыр Қызылорда облысында 11 мыңнан астам сәби өмірге келсе, соның ішінде келіншектер 171 егіз бен 3 үшем туған. Солардың бірі – Қазбековтер әулеті 6 қаңтарда осындай қуанышқа кенеліп, үшемнің анасы Ақбота бір сәтте көпбалалы ана атанды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама