Halyq Uni логотип
×

Әскери қызметшілер жейде киіп, галстук тақпайтын болды

Жаңа киім үлгісі біртіндеп енгізіледі

 Дәурен Ерболат 23.01.2024 | 17:48
Әскери қызметшілер жейде киіп, галстук тақпайтын болды
Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Қазақстанда барлық санаттағы әскери қызметшілер жаңа киім үлгісіне көшеді, деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

2023 жылғы 5 мамырда өткен бүкілармиялық кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімді мақұлдаған. Сондықтан әскерилердің қолданыстағы киім үлгерілері президенттің тапсырмасы бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қайта өңделді.

Былтыр 12 желтоқсанда президенттің 2011 жылғы 25 тамыздағы «Қазақстан Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары әскери қызметшілерінің әскери киім нысаны мен айырым белгілері туралы» Жарлығына өзгерістер енгізілді.

Әскери қызметшілердің қаракөл жағалы қысқы куртканың орнына «Аляска» типті курткалар киетіні хабарланған. Жоғары офицерлік құрамнан өзге әскери қызметшілердің бас киімдері күнқағарсыз болады. Маусымдық, күнделікті плащ камуфляж түсті далалық күртешеге, ал күнделікті свитер далалық свитерге ауыстырылды. Әскери қызметші әйелдер үшін пилотканың орнына кепи қарастырылған.

Жоғары офицерлік құрамнан, Қорғаныс министрлігі мен Бас штабтың құрылымдық бөлімшелерінің, Қарулы күштер Бас басқармаларының басшыларынан, бас қолбасшылардан, қолбасшылардан және олардың орынбасарларынан өзге әскери қызметшілердің барлық санаты үшін китель, шалбар, жейделер, галстуктар алынып тасталды, - деп жазылған хабарламада. 

Кеңселік киім үлгісі тек басқару органдары, жоғары оқу орындарының тұрақты құрамы, әскери бөлім командирлері, олардың орынбасарлары және әскери қатынастар комендатуралары үшін күнделікті киім үлгісі болып айқындалады.

Қара түсті, қонышы ұзын бәтеңкемен қатар, тұрақты құрамға арналған құм түсті жазғы бәтеңкемен қамтамасыз ету де қарастырылған. Бұл нұсқа еліміздің географиялық ерекшеліктеріне, сондай-ақ ыстық өткізбейтін және бүркемелеу қасиеттеріне байланысты.

Жаңа үлгідегі далалық киім-кешекке көшуді 2024 жылдың төртінші тоқсанына, қалған заттарға көшуді 3 жыл ішінде іске асыру жоспарланған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама