×

Канвон-2024: Қазақстан хоккейшілері жартылай финалға шықты

Құрама команда Испания өкілдерін 14:4, Ұлыбритания жасағын 22:13 есебімен жеңді

 Дастан Жұмабекұлы 23.01.2024 | 17:36
Фото: Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы

Оңтүстік Кореяның Канвон провинциясында қысқы спорт түрлерінен өтіп жатқан IV жасөспірімдер Олимпиадасының төртінші жарыс күні хоккейден Қазақстан құрама командасы Испания мен Ұлыбритания құрамасын жеңіп, жартылай финалға шықты.

Хоккейшілер Испания командасын 14:4, Ұлыбритания жасағын 22:13 есебімен жеңді. Енді 24 қаңтарда Қазақстан мен Латвия жартылай финалда күш сынасады.

Олимпиадада спорттың басқа түрлерінен де отандастарымыз сынға түсіп жатыр.

Биатлоннан ұлдар арасындағы спринтте Антон Редкин 17-орын алса, Кирилл Зотов 48-орынға ие болды. Ал Ілияс Хасенов 77-ші болып мәреге жетті. Бұл жарысқа барлығы 98 спортшы қатысты. Олар 7,5 км-ге жүгірді.

Мұнда Антонин Гай 20 минут 57.7 секундта мәреге жетіп, алтын жүлде алса,  Тов Роесланд (Норвегия) күміс, Флавио Гай (Франция) қола жүлдеге ие болды.

6 шақырымға созылған қыздар жарысында  Алема Карабаева мәреге 57-ші болып келсе, Эвелина Мезенцева 62-орын алды. Мария Воробьева мәреге жете алмады. Бұл жарысқа 98 спортшы қатысты.

Бұл сайыста Апенин түбегінен келген Карлотта Гаутеро жеңіске жетті. Одан кейін Ела Север (Словения) мен Полина Пуцко (Украина) тұғыр сатысына көтерілді. Ертең биатлоннан соңғы жүлде жиынтығы аралас эстафета сайысында үлестіріледі.

Тау шаңғысынан гигант слалом жаттығуында отандасымыз Александра Скороходова финалда бақ сынап, бесінші сатыға тұрақтады. Бүгін 79 атлет қатысты. Италия өкілі Джорджия Колом (48.42 секунд) чемпион атанса, Шайнне Зехндер (Швейцария) күміс медаль, Астрид Хедин (Швеция) қолаа жүлдені иеленді.

Конькимен 1500 метрге жүгіруде Қазақстан құрамасы сапынан Кристина Шумекова жетінші орын алды. Оның уақыты - 2:06,47. Ал Алина Шумекова 11-орынға орналасты. 

Бүгін Нидерланд спортшысы Ангел Далеман қарсылас шақ келтірмей, екі алтын жүлдені жеңіп алды.  Күміс жүлдені Юнги Луи (Қытай), қола медальді Польша атлеті Анна Мазур иеленді.

Ұлдар арасында Руслан Жанәділов сегізінші орыннан көрінсе, Михаил Матрюхин 17-орында қалды. Мұнда Финн Соннекалб топ жарса, Қытай спортшысы Баошин Пан екінші, Сота Кубо (Жапония) үшінші орынды қанағат тұтты.

Спорттың бұл түрінен келесі жарыс 25 қаңтарда өтеді.

Қазір Қазақстан делегациясы 1 алтын, 1 қола медальмен жалпы есепте 13-сатыда тұр. Көш басында тұрған Италияның 7 алтын жүлдесі бар.

IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасын Olympics.com Youtube арнасынан көруге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама