Полицейлер оны Шиелі бекетінен қашпақ болған жерінен тауып алды
Кеше 25 мамырда Шымкент қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде баласы бар әйелді зорламақ болған ер адамды жергілікті полицейлер қамауға алды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК 24-120-бабы "зорлауға оқталу" бойынша тіркеуге алды. Істі Полиция департаментінің басшылығы ерекше бақылауға алды.
Жасалған қылмыстың ауырлығын ескере отырып, полиция департаменті ер адамның жеке басын анықтауға және оны ұстауға бағытталған тәжірибелі жедел уәкілдерден тұратын арнайы топ құрды.
Нәтижесінде, жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері бірнеше сағат ішінде күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жас жігіт, мегаполис тұрғыны болып шықты. Жедел топ өкілдері оны қылмыстық жауапкершіліктен қашпақ болған жерінен Шиелі бекетіндегі поезд вагондарының бірінде құрықтады, делінген Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ол түнде Қаратау аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
Қазіргі таңда, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауда. Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.