×

«Семей» футзал клубы бразилиялық шабуылшымен келісімшарт жасасты

Команда Оңтүстік Американың бесінші ойыншысын сатып алды

 Дастан Жұмабекұлы 23.01.2024 | 13:29
Фото: «Семей» футзал клубы

«Семей» футзал клубы бразилиялық спортшы Лукас Матеус де Кампоспен келісімшарт жасады. Бразилияның азаматы клубта ойнайтын Оңтүстік Американың бесінші ойыншысы болады, деп хабарлады «Семей» футзал клубы.

21 жастағы шабуылшы бұған дейін «Чопинзиньо», «Эс Мадурейра» мен «Пинда» сияқты клубтарда ойнаған. Сондай-ақ Лукас Матеус де Кампос 2019 жылы Кариока чемпионатында және BR кубогында доп тепкен. 2022 жылы Бразилия кубогының арнайы дивизионы атағын жеңіп алған.

Мен бұл командаға қосылуға мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Команда мені жылы қабылдап, алғашқы кездесуде жағымды әсер қалдырды. Мен Қазақстанда ойнап жүрген бразилиялық футзалшылармен хабарласып, Семейде жаңа жобаны талқыладық. Бұл – мен үшін өте үлкен мүмкіндік. Мұндағы басты мақсатым – Қазақстан чемпионы болу. Менде қазір мотивация, ниет, бәрі бар. Осы мақсатқа жету үшін бар күшімді салуға дайынмын, - деді Лукас Матеус де Кампос.

«Семей» футзал клубының спорт директоры Аслан Смақовтың айтуынша, командаға Лукаспен келісімшарт жасасу үшін 2,5 ай уақыт өткен.

Келісімшартты біраз уақыт талдадық. Сосын қол қойылды. Дайындық кезінде біз оның ойын дағдыларын мұқият зерттедік. Шабуылда да, қорғаныста да оның өнерін талдадық. Паркетте де күнделікті өмірдегі мінез-құлқын бағаладық. Сондай-ақ біз медициналық көрсеткіштерді, статистиканы және біз үшін маңызды санаттардың бірі – ойыншының адами қасиеттерін ескердік, –  деді ол.

Айта кетсек, «Семей» футзал клубы жарты жыл бұрын құрылған болатын. Осы уақытта Қазақстан кубогында күміс медальге ие болды. Қазақстан чемпионатында «Семей» футзал клубы турнир кестесінде 3-орынға тұрақтап, клубтың деңгейін көрсетті.

Қазір футзал клубы футзал аренасына кіріп қана қоймай, бірден ұлттық жарыстарда жоғары орындар үшін күресуге қабілетті қарсыласқа айналды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама