Тергеу Бас прокуратураның бақылауында
Павлодар облысының ПД тергеу басқармасы 2024 жылғы 4 қаңтарда Баянауыл ауданының Майқайың кентіндегі «Майкаинзолото» АҚ аумағында болған оқиға фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабы 3-бөлігі («Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу») бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр.
Айта кетсек, жолдың опырылуы салдарынан тау-кен карьеріне апаттық-құтқару қызметінің 4 қызметкері бар автобус құлағаны анықталып, 2 адамның денесі сол күні шығарылған еді. Кейін тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелерін бұзушылықтарды тергеу жөніндегі комиссия құрылды. Іс бойынша процессуалды прокурорлар тағайындалды.
Қазба орнынан автобустың бірнеше фрагменттері мен құтқарушылардың жеке жабдықтары жер бетіне шығарылған. Қазір оқиға орнына жол салу үшін топырақ шығарылып, геосканерлеу жүргізіліп жатыр. Шағын көлемді экскаваторлар түсіріліп, қалған 2 құтқарушыны іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Алайда тау жыныстарының тұрақсыздығына және шұңқыр астында қуыс жерлер пайда болып, оған жоғарыдан топырақтың құйылуына байланысты жұмыс қиындап кеткен.
Жалпы, іздестіру-құтқару жұмыстарына 147 адам, 45 техника, 3 кинологиялық есеп және 2 ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған.
Қылмыстық істі тергеу шеңберінде кәсіпорынның 40-тан астам қызметкерінен, сондай-ақ ЖШС басшылығынан жауап алынды. Сондай-ақ қажетті құжаттар мен бейнебақылау камераларынан алынған жазбалар қаралып жатыр.
Іс бойынша жолдың опырылып құлау себептерін анықтау үшін елдің әртүрлі аймақтарынан тау-кен құрылыс жұмыстары саласының мамандарын тарта отырып, бірқатар сараптама тағайындалды.
Тергеу Бас прокуратураның бақылауында.