2017 жылы аймақта небары 400 шақты қасқыр болған екен
Ұялы ауылдық округінде жыл басынан бері қасқыр 100-ге жуық малды қырған. Негізінен бұзаулар мен қойлар зардап шекті. Қазіргі уақытта ауылдық округте 62 қожалық бар. Барлығының проблемасы ортақ. Шаруаларда мылтық болғанымен, қасқырды атуға рұқсат жоқ. Соңғы екі-үш жылда өңірде қасқыр мүлде ауланбапты.
Әр жиналыс, әкімнің әр есептік кездесуі сайын қожалықтар өздерінің көкейіндегі сұрақтарын қойып отырады. Көктем немесе күзде қасқырдың малға тиетіні рас. Қыста қардың болмауы кедергі болады, техника жүре алмайды. Қазір онлайн қасқыр атуға рұқсат алуға болады. Алдағы уақытта 2-3 қожалықты біріктіріп, рұқсат қағазын алуды жоспарлап отырмыз», - Ұялы ауылдық округінің әкімі Ерлан Ермекқалиев.
Сала мамандарының айтуынша, 2017 жылы аймақта небары 400 шақты қасқыр болған екен. Сол кезден бастап оларды атуға қатаң шектеу қойылған. Ал биыл жыртқыштың саны үш есе өсуіне байланысты 196 бөріні атуға рұқсат берілген. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы Арман Ізімғалиевтің айтуынша, арнайы құжат алу үшін аңшылар электронды порталға тіркеліп, өтініш жіберулері тиіс. Алайда, әр аңшы үш қасқырдан артық ата алмайды.
Egov.kz порталы арқылы келіп түскен өтінімдерге сәйкес, 186 басты атуға рұқсат қағаздары беріледі. Қазір олардың тек оны қалды. Бұл өтініштерді тек аңшылар бере алады. Оларда өзінің аңшылық куәлігі мен мылтықтың рұқсат қағаздары болуы керек. Сол деректерді көрсете отырып, қасқырды атуға рұқсат қағаздарын ала алады. Жыл бойына бір лимит беріледі, ол өзгермейді. Келесі жылға қасқырдың саны көбейсе, лимиттің де саны артады», - деді Арман Ізімғалиев.