inDriver, Яндекс.Такси жүргізушілері 22 сағат жұмыс істейді
Олар көлік апатына жиі түседі
Көлік министрлігінде жолаушы тасымалы мәселесі талқыланды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Жиынға Көлік министрі Марат Қарабаев та қатысты.
Кездесуде inDriver, Яндекс.Такси жүргізушілері министрге көлік апаты санының өсуіне агрегаторлар жұмысының ерекшелігі ықпал ететінін айтып берді. Олардың айтуынша, компаниялардың бірі серіктестерін шамадан тыс жұмыс істеуге итермелейді.
Мысалы, жүйеде арнайы акция жарияланады. Оның шартына сәйкес, жүргізушілер белгілі бір тапсырыстарды орындағаны үшін жақсы бонустарға ие болады. Мәселен, аптасына жасалған 180 және 300 сапар үшін жүргізушіге сыйақы қарастырылған. Бірінші шарт бойынша жүргізуші күн сайын үзіліссіз шамамен 12-13 сағат, ал екіншісінде 21-22 сағат жұмыс істеуі керек. Жүргізушілер қосымша табыс табу үшін өзара бәсекелесіп, салдарынан жол-көлік апатының саны артады, - деп жазылған хабарламада.