×

47 адамды алдаған әйелдің алаяқтық схемасы әшкере болды

Мүдделі тұлғалармен пәтерді жалдау шартын жасасып, олардан 20-дан 100 мың теңгеге дейін алып отырған

 Халық үні 26.05.2022 | 06:06
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының прокуроры Маратбек Мырзамұратов елуге жуық адамды әртүрлі тәсілмен алдаған қазақстандық әйелдің алаяқтық жүйесін түсіндірді.

Спикер алаяқтық түрлері арасында адамдарды белгілі бір ақы үшін жұмысқа тұрғызу, балаларын балабақшаға орналастыру, денсаулық сақтау саласында көмек көрсетуге уәде етіп, кейін ақшаны алған соң, жоғалып кететіндер кең тарағанын айтты.

Мысалы, осы схема бойынша 3 миллион теңгеден астам сомаға 47 адамның қаражатын иемденген әйел Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының №2 аудандық сотының үкімімен бас бостандығынан айырылды. Эпизодтардың бірі бойынша Әбділдина Mom Life сайтына балаларды балабақшаға кіргізе алатынын, білім басқармасының қызметкері екені туралы хабарлама орналастырған». – деді Маратбек Мырзамұратов.

Прокурордың айтуынша, жәбірленуші хабарландыруға қызығушылық танытып, Әбділдинаға жазған. Содан кейін олар 30 мың теңгеге баланы балабақшаға орналастыруға келіседі. Ал келісілген сома аударылған соң, алаяқ жәбірленушінің нөмірін бұғаттап, ақшаны өз қажеттілігіне жаратқан. Алаяқ осы тәсілмен 8 жәбірленушіні алдаған.

Балаларды балабақшаға орналастыру туралы уәдесінен бөлек, осы сайтта белгілі бір ақыға денсаулық төлқұжатын жасау, ана мен бала орталығында босану, медициналық қарсылық, вакцинация паспортын, зейнетақы аударымдарын шығару туралы ұсынысын хабарландыруға жазған. Осыдан тағы 14 адам алданып, Әбділдина олардың ақшасын алдау арқылы иемденген», - деп қосты прокурор.

Маратбек Мырзамұратов жеңіл жолмен ақша тапқысы келген алаяқтың тағы бір әдісін айтып берді. Белгілі болғандай, әйел бір күнге пәтер жалдап, Krisha.kz сайтына оны ұзақ мерзімге жалға беріп отырған. Сөйтіп, мүдделі тұлғалармен пәтерді жалдау шартын жасасып, олардан 20-дан 100 мың теңгеге дейін алып келген. Артынша барлық жәбірленушілерді бұғаттап,  жасырынып жүрген. Осылайша, 18 жәбірленуші алаяқтың құрбаны болған екен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама