СҚО-да қазақ мектебіне жұмысқа орналасу үшін орыс тілін білуің керек - қоныс аударушы (ВИДЕО)
Жоғары білімі бола тұра қарапайым сатушы болып та орналаса алмаған педагог үйінен нан пісіріп сатып та көріпті
Түркістан облысынан Солтүстік Қазақстанға мемлекеттік көш бағдарламасы бойынша көшіп келген Арайлым Балғабек жергілікті мектепке жұмысқа орналаса алмай жүр. Оның айтуынша, Явленка ауылының мектеп әкімшілігі педагогтен, міндетті түрде орыс тілін меңгеруін талап етіпті. Бұл туралы ол «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында айтты.
«Мына жаққа келіп мектепке кірейін дедім, қазақ мектебіне. Сөйтсем екі тіл білу керек екен. Қазақ мектебі болса да құжаттардың барлығын орысша өткізеді екен. ЦОН-ға бардым. Ол жақта да қазақ тілі, орыс тілі міндетті түрде керек екен», - дейді Арайлым Балғабек.
Оңтүстікте өсіп, мектеп пен жоғарғы оқу орнын ана тілінде бітірген азаматша, теріскейге көшкеннен кейін көрген ең басты қиындығы тілге байланысты болғанын айтады.
«Менде ең басты мәселе тіл жағынан болды. Қатты қиналдым мен. Содан жарайды мамандығым бойынша емес, сатушы болып кіре берейін десем оған да орыс тілі керек екен» - деп қынжылды тұрғын.
Жоғары білімі бола тұра қарапайым сатушы болып та орналаса алмаған педагог үйінен нан пісіріп сатып та көріпті. Оңтүстіктен-солтүстікке көш бағдарламасының міндетті шарттарының бірі – келушілердің дипломы болуы тиіс. Соған сәйкес жұмыспен қамтамасыз етілуі тиіс болатын.