Қазір күдіктілерді экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр
Түркістан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген шет елдің 3 азаматын ұстады.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, ұсталған шетелдіктің бірі – 3 жыл бойы халықаралық іздеуде жүрген Өзбекстан азаматы. Ол өз елінде қарақшылық шабуыл жасағаны үшін сотталған. 38 жастағы ер адамды полицейлер Ордабасы ауданында қолға түсірді. Сонымен қатар ер адамның 2020 жылы түрмеден қашып, кейін Қазақстан шекарасынан заңсыз өткені анықталды.
Ал екінші күдіктіні ЭҚІҚБ, криминалдық полиция басқармасы мен Сарыағаш ауданының полицейлері қолға түсірді. Астана қалалық полиция департаменті 30 жастағы шетел азаматына есірткі сақтаумен айналысқаны үшін іздеу жариялаған.
Халықаралық іздеуде болған үшінші күдікті – Ресей азаматы Келес ауданында ұсталды. Жас жігітке 2022 жылдың желтоқсан айында көрші елде іздеу жарияланып, ол Қазақстанда жасырынып жүрген. 21 жастағы шетел азаматы қамауға алынды.
Қазір күдіктілерді экстрадициялау мәселесі шешіліп жатыр.