Солтүстіктегі жұмыспен қамту орталықтары тек көшіп келгендердің жүмысымен айналысып отыр - Бурахан Дақанов
Ол қанша бағдарлама жасасақ та тесік шелекке су құйғанмен бірдей дейді
Волонтер, Оңтүстіктен Солтүстік өңірлерге көштің насихатшысы болып жүрген Бурахан Дақанов мемлекеттік бағдарламаның кемшіліктерін атады. «Сұрауы бар» Youtube арнасына берген сұхбатында өзі тұратын Шал ақын ауданының жұмыспен қамту орталығы тек Оңтүстіктен келгендердің мәселесін қарап, басқаға мұршасы болмай жатқанын айтты.
«Мысалы Шал ақын ауданы, Сергеевка елді мекенінде шамамен 9,5 мың адам тұрады. Оның 9 мыңы жергілікті халық. 500 көшіп келген адам. Енді ойлаңыз, қазіргі уақытта біздің Шал ақын ауданының жұмыспен қамту орталығының жігіттері тек қана көшіп келушілермен айналысып жатыр да. Реттілік жоқ деп отырғаным да сол, көшті әкімдіктің бөлімдері мойнына алған», - деп түсіндірді ол.
«Қазіргі уақытта көш мәселесі бейберекет жүріп жатыр. Оны мойындау керек, ретсіз жүріп жатыр. Нәтижесі де айтарлықтай жақсы емес. Мысалы, мен алдында Елордаға барған кезде айттым. Көшке байланысты бір емес, екі емес, үш емес тіпті бес бағдарлама жасауға болады. Бірақ қанша бағдарлама жасасақ та тесік шелекке су құйғанмен бірдей», - дейді Бурахан.