×

Мемлекет басшысы Италияда мәлімдеме жасады

Екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайту мен дамытуға қатысты құтаттарға қол қойылды

 Дастан Жұмабекұлы 19.01.2024 | 09:07
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия президенті Серджо Маттарелламен келіссөз жүргізгеннен кейін осы елдің Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен кездесті.

Кездесуде президент Италия жерінде құрмет көрсеткені үшін Джорджа Мелониге алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Италия арасында тығыз саяси диалог, берік экономикалық ықпалдастық, табысты мәдени-гуманитарлық байланыс орнағанын атап өтті.

Біз Италияның Орталық Азиядағы басты серіктесі болғанымызды мақтан тұтамыз. Екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді және қарым-қатынастарды одан әрі арттыруға мол әлеует бар, – деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі және ел экономикасындағы ең ірі инвесторлардың бестігіне кіреді. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы 15 миллиард долларға жуықтады. Италиядан Қазақстанға тартылған тікелей шетелдік инвестиция 7,3 миллиард доллар болды. Бүгінде біздің елімізде 300-ден астам италиялық компания табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында ENI, SDF Group, PetroValves, Maire Tecnimont, IVECO, Tenaris және басқа да ірі инвесторлар бар.

Қазақстан президенті БҰҰ, ЕҚЫҰ, Еуропа Кеңесі және ЭЫДҰ аясындағы әлемдік аренада ортақ мақсаттарға қол жеткізу ісіндегі екі елдің табысты ықпалдастығына арнайы тоқталды. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік, өңірлік тұрақтылық, терроризмге қарсы күрес, климаттың өзгеруі сияқты мәселелерге қатысты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға дайын екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы Алматыда Италия мәдениеті институтының ашылуын құптады. Оның пікірінше, елдер арасындағы байланыстарды тереңдетуде мәдени дипломатия, білім беру саласындағы серіктестік және туризм маңызды рөл атқарады.

Джорджа Мелони қазақ-итальян қатынастарының деңгейі жоғары екенін атап өтіп, Италияның Қазақстанмен арадағы байланыстарын нығайтуға бейілді екенін жеткізді.

Сіздің бүгінгі сапарыңызды қазақ-итальян қарым-қатынасын одан әрі өркендету үшін зор мүмкіндік ретінде қарастырамыз, – деді премьер-министр.

Кездесуде сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, аграрлық, мәдени-гуманитарлық, білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту, сондай-ақ жасыл энергетика және екі мемлекеттің астаналары арасындағы әуе қатынасын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Бұдан бөлек, кездесуде өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер талқыланды.

Бүгінгі келіссөздер екіжақты қарым-қатынасымыздың жаңа кезеңіне жол ашатынына және ынтымақтастықтың перспективті бағыттарын қарастыруға жақсы мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді президент.

Кездесу соңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Италия премьер-министрі мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер жерленген орындардың мәртебесіне қатысты келісім;

2. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Италия Республикасының Әділет министрлігі арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Италия Республикасының Мәдениет министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

4. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Италия Республикасының Университеттер және зерттеулер министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

5. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы мен Италия Республикасының Ұлттық мемлекеттік басқару мектебі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

6. Қазақстанның «Самұрық-Қазына» қоры мен Италияның «Cassa Depositi i Prestiti» компаниялар тобы арасында бірлескен инвестициялық қор құру және өңдеу өнеркәсібі, энергетика, логистика салаларына инвестиция салу туралы келісім;

7. Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мен  Италияның «ENI» компаниясы арасындағы жалпы қуаты 247 MBт болатын гибридті электр станциясын (жел электр станциясы, күн электр станциясы) салу жөніндегі бірлескен жобаны жүзеге асыру туралы бірлескен түпкілікті инвестициялық шешім.

Одан кейін бірлескен мәлімдеме қабылданды.

Мәлімдемеде екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайту мен дамытуға қатысты мынадай мәселелер қамтылды:

1. 2009 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы мен Италия Республикасы арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімнің әрекет етуін атап көрсете отырып, біз екі ел арасындағы барлық деңгейдегі сенімді және тұрақты диалогқа көңіліміз толатынын білдіреміз. Қазақстан Италияның Орталық Азиядағы негізгі экономикалық серіктесі, ал Италия – Қазақстанның Еуропалық Одақтағы ең ірі сауда серіктесі және Қазақстан экономикасының жетекші инвесторларының бірі.

2. Дипломатиялық қатынастар орнағаннан бері отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Италия байланыстарын өзара сенімге, ортақ құндылықтарға және тиімді ынтымақтастыққа негізделген берік серіктестікке айналдырғанын атап өтеміз.

3. Біз Қазақстан-Италия ынтымақтастығының қарқынды дамып келе жатқанын атап өттік және стратегиялық әріптестік рухында өзара мүддені көздейтін барлық саладағы байланыстарды әртараптандыруды және тереңдетуді жалғастыруға ниеттіміз.

4. Біз экономика саласында 2023 жылғы 5 қыркүйекте Астанада Қазақстан мен Италия премьер-министрлерінің орынбасарлары – Сыртқы істер министрлері қол қойған Бірлескен мәлімдемеге сүйене отырып, сауда-инвестициялық байланыстарды одан әрі дамыту үшін мол әлеует бар екенін атап өтеміз. Энергетика, табиғи ресурстарды барлау және өндіру, жасыл экономика, құрылыс, инфрақұрылым, көлік және логистика, ауыл шаруашылығы, ғылыми-технологиялық қызмет және консалтингтік қызмет –ынтымақтастықтың негізгі бағыттары. Екі мемлекет арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетудің маңыздылығына баса назар аудара отырып, біз Іскерлік кеңестің құрылуын құптаймыз.

5. Қазақстан мен Италия арасындағы инвестициялық климатты жақсартуға және өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ықпал ететін Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Италия Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім жөніндегі келіссөздердің маңыздылығын атап өтеміз.

6. Сондай-ақ біз қазақстандық және италиялық жетекші университеттер, атап айтқанда, ғылым және технология бағытына маманданған университеттер арасында жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық аясын кеңейтудің маңыздылығын атап өтеміз.  

7. Біз мәдениет саласындағы ынтымақтастықты арттыруға ниет білдіреміз.
2023 жылғы 30 қарашада Алматы қаласындағы Орталық Азиядағы алғашқы Италия мәдени орталығының ресми ашылуын құптаймыз. Бұл екі ел халқын және мәдени байланыстарын жақындастырудың тағы бір қадамы болды.

8. Тараптар Қазақстанның Венецияда өтетін Заманауи өнердің 60-шы халықаралық биенналесіне қатысуы Қазақстанның мәдениеті мен өнерін Италияда да, шетелде де танымал етуге ықпал ететінін атап өтті.

9. Біз екі мемлекеттің 2015 жылғы 21 желтоқсанда Астанада бір жақтан Қазақстан Республикасы, екінші жақтан Еуропалық Одақ пен оған мүше мемлекеттер арасында қол қойылған Кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы келісім аясындағы тығыз ықпалдастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдіреміз. Осы орайда біз 2022 жылғы 27 қазанда Астанада «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» бірінші саммитінің өткізілгенін құптаймыз.

10. Орталық Азиядағы көлік және коммуникация саласында, атап айтқанда Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамытуға қатысты ірі бастамалардың іске қосылуына біздің көңіліміз толатынын атап өтеміз. Еуропалық Одақтың Global Gateway жобасын іске асыруға қолдау білдіреміз.

11. Екі елдің Еуропалық Одақ пен Орталық Азия арасындағы ынтымақтастық үшін берік және перспективалық негіз құруға, Орталық Азиядағы өңірлік диалогты нығайтуға деген ұмтылысын қуаттаймыз. Бұл – өркендеуге, тұрақтылық пен орнықты дамуға қол жеткізудің басты шарты. Біз «ОA+Италия» форматындағы кездесуді 2024 жылы Римде, ал 2025 жылы Қазақстанда өткізудің маңыздылығын атап өтеміз.

12. Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасы Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің ынтымақтастықты одан әрі өрістету, бейбітшілікті нығайту, Орталық Азия аймағындағы достық, сенім және тату көршілік атмосфераны қалыптастыру, сондай-ақ олардың халықаралық аренадағы маңызын арттыру жолындағы рөлін жоғары бағалайды.

13. Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы климаттық күн тәртібін одан әрі ілгерілету аясында Қазақстан Республикасының тиісті бастамаларын жоғары бағалайды, сонымен қатар Алматы қаласында қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі жөніндегі Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құру, 2026 жылы Қазақстанда Біріккен Ұлттар Ұйымы аясында Аймақтық климаттық саммит өткізу жөніндегі ұсыныстарды ескереді.

14. Екі елдің өзара құрмет қағидаты негізінде өзара ықпалдастығын нығайтуды құптаймыз. Қатар өмір сүру мен ынтымақтастықтың ортақ негізі ретінде БҰҰ Жарғысына толық құрметпен қарайтынымызды, сондай-ақ жаһандық және аймақтық деңгейде бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты ілгерілетуге және халықаралық көші-қон мәселелері бойынша диалогты одан әрі ілгерілетуге, соның ішінде Алматы процесі және Біріккен Ұлттар Ұйымы сияқты көпжақты форумдар аясында екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға деген өзара ұмтылысымызды қуаттаймыз.

15. Климаттық күн тәртібінің өзектілігі аясында біз 2023 жылы Дубай қаласында өткен Климат жөніндегі дүниежүзілік конференциясында (COP28) климаттың өзгеруіне қарсы күресте өзіміздің берік ұстанымдарымызды қуаттадық және жаһандық жылу деңгейін 1,5°-та ұстау жөніндегі мақсатты растауды құптаймыз.

16. Қазақстан Республикасының Президенті Италия Республикасының Министрлер Кеңесінің төрағасына «Үлкен жетілікте» табысты төрағалық етуіне тілектестігін білдірді.

17. Қазақстан Республикасының президенті Италия Республикасы Министрлер Кеңесінің төрағасын жақын арада Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама