×

Панфилов ауданында 2018 жылы салынған мектепке 20 млн теңгенің жабдығы әлі жеткізілмеген

Үлкен Шыған ауылындағы орта мектептің оқушыларына толыққанды жағдай жасалмаған

 Думан Қырықбаев 25.05.2022 | 18:38
фото: Halyq Uni

Бүгін ел мектептерінде соңғы қоңырау шалынып, тағы бір оқу жылы артта қалды. Ал Панфилов ауданына қарасты Үлкен Шыған ауылының оқушылары қажетті құрал-жабдықтарды «көрместен» жазғы демалысқа шығып кетті. Тіпті, керек жабдықтарды сарғая күткен түлектердің осымен төртінші легі мектеп бітіріп жатыр.

Осыдан төрт жыл бұрын, яғни, 2018 жылы мектеп жанынан салынған 300 орындық жапсарлас ғимараттың қажетті құрал-жабдықтары мердігер мекеме тарапынан түгел дерлік жеткізілмеген. Панифилов аудандық құрылыс бөліміндегілердің айтуынша, әлі жиырма миллионның заты әкелінуге тиіс екен.

Келісімшарт негізінде құрылысты жүргізген мердігер «Болашақ М» серіктестігі нысанды толықтай материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етуге тиіс болатын. Бірақ, мектеп басшылығы осы күнге дейін өздеріне тиесілі қондырғыларды алдыра алмай әлек болып жүр. Асхана ішінде тұратын тоңазытқышты да әлі әкеліп бермеген. Лингафон, шеберхана кабинеттерінде де құрал-жабдық жетіспейді. Соның салдарынан оқушылар түрлі мүмкіндіктерден қағылып отыр.

Жаңа нысан салынғалы бір емес, екі емес, міне, төртінші оқу жылы аяқталды. Жеткізетін дүниені уақытында әкеліп бермей ме? Бір мекеменің жауапсыздығынан оқушылар мен мұғалімдер қиналып жүр, - дейді Үлкен Шыған ауылының тұрғыны Айгүл Ермекқызы.

Мектеп директоры Бақыт Дүйсенбаев білім ордасында уәде етілген жабдықтардың дені жоқ екенін жасырмады.

«Қазір оқушылар мектепте заман талабына сай шет тілдерін де меңгергісі келеді. Ол үшін білім ордасында аудио және видео құрылғылармен жабдықталған лингафон кабинеттері де болуға тиіс. Үлкен Шыған мектебінде сол үшін арнайы қарастырылған екі бөлме бар. Бірақ онда ағылшын тіліндегі түрлі дыбыстық жазбаларды тыңдап, тілдік қорын жетілдіретін қондырғылар мүлдем жоқ. Электр сымдары да тартылмаған. Лингафон кабинетінен басқа, бізде асхана мен шеберхананың да қондырғылары толық емес. Балаларды еңбекке баулитын шеберханамызда ағашпен жұмыс істейтін қондырғы әлі күнге дейін әкелінбеді. Одан бөлек біраз дүниелер жеткізілмей отыр», - дейді мектеп директоры.

Білім ордасының басшылығы қажетті құрал-жабдықтардың әкелінбей жатқанын жауаптыларға бірнеше рет айтқан. Тіпті, құзырлы мекемелерге де арыз жазған. Үсті-үстіне жазылған шағым нәтижесінде тексеріс жасалып, құрылыс компаниясына тиісті дүниелерді жеткізіп беру тапсырылған. Мердігерден кепілхат та алыныпты. Соның негізінде керек-жарақтар шетінен әкеліне бастаған.

«Мектеп жанындағы жапсарлас ғимараттың құрылысын жүргізген «Болашақ М» мекемесі. Білім ордасына қажетті құрал-жабдықтарды, яғни, үстел, орындық, датчик секілді біраз заттарды кешіктірді. Жалпы, жеткізілмеген зат көлемі жиырма миллион теңге төңірегінде. Осы күнге дейін заттардың үштен бірі ғана әкелінді. Мердігерлермен сөйлесіп жатырмыз. Тезірек жеткізіп беруін бақылауда ұстайтын боламыз», - дейді Панфилов аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қайрат Абаев.

Үлкен Шыған ауылындағы орта мектептің жапсарлас нысанын салуға бюджеттен бір млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ғимарат осыдан төрт жыл бұрын, яғни, 2018-жылы салынып, қолданысқа берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама