Түркістан облысының оқушылары әлемнің үздік университеттерінен шақырту алды

Дастан Жұмабекұлы

Нұрболат Полатхан мен Абдулла Бақтиеровке Оңтүстік Корея мен Гонконгтың оқу орындары арнайы грант бөлді

Фото: Түркістан облысы білім басқармасы

Түркістан облысының 11-сынып оқушысы Нұрболат Полатхан мен Абдулла Бақтиеров әлемнің үздік жоғары оқу орындарынан шақырту алды. Оларға Оңтүстік Корея мен Гонконгтың университеттері арнайы грант бөлді, деп хабарлады ҚазАқпарат.

Түркістан Білім-инновация лицейінің оқушысы Нұрболат Полатханға Корея елі 100 мың АҚШ доллары көлемінде грант бөледі. Ол математикадан республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлде алып, IELTS емтиханынан 7,5 ұпай және SAT емтиханынан 1 510 ұпай жинап, өзінің ағылшын тілін де жетік меңгергенін дәлелдеген.

Оңтүстік Кореяның KAIST университеті болса, дүниежүзі бойынша ең үздік 56 университеттің бірі саналады.

Түркістан Білім-инновация лицейінің тағы бір 11-сынып оқушысы Абдулла Бақтиеров дүниежүзіндегі ең мықты 70 университеттің қатарына кіретін CityU университетінен шақырту алған.

Бұл университет Гонконг қаласында орналасқан. Абдулла Бақтиеров те информатика пәнінен республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысып, жүлделерге ие болып, IELTS емтиханынан 7 ұпай жинаған. Енді ол CityU университетінде толық грантта оқитын болады.