Halyq Uni логотип
×

10 тәулікке қамауға алынған әнші Рахат Тұрлыханов ісінің мән-жайы белгілі болды

Прокурорлардың соттан не үшін жазаны өзгертуді сұрағаны айтылды

 Халық үні 17.01.2024 | 22:17
10 тәулікке қамауға алынған әнші Рахат Тұрлыханов ісінің мән-жайы белгілі болды
Фото: tengrinews.kz

10 тәулікке қамауға алынған әнші Рахат Тұрлыханов ісінің мән-жайы белгілі болды. Сондай-ақ прокурорлардың соттан не үшін жазаны өзгертуді сұрағаны айтылды, деп хабарлайды nur.kz.

Жоғарғы Соттың сайтындағы сот кеңсесінде жарияланған іс материалдарында прокурор тағайындалған жазаға қатысты сот қаулысын ескерту түріндегі өзгертуді және оны 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алуға ауыстыруды сұрағаны жазылған.

«Бірінші сатыда сот жаза тағайындау кезінде құқық бұзушылықтар үшін жаза тағайындаудың жалпы ережелерін есепке алмаған, яғни Тұрлыханов Р.К.-ның бұрын осыған ұқсас отбасылық-тұрмыстық қарыс-қатынаста құқық бұзушылық жасағанын ескермеген деп санайды», - делінген іс материалдарында.

 Сондай-ақ Тұрлыхановтың адвокаты мен оның әйелі өтініш хат бойынша қарсылық білдіргені көрсетілген.

«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға сәйкес, 2023 жылғы 16 желтоқсанда Алматы қаласында Р.Қ. Тұрлыханов үйінде әйелімен жанжалдасып, ұрып-соғып, зорлық-зомбылық түріндегі күш қолданған. Бұл мән-жай сот отырысында өтінішхатты қарау кезінде толық дәлелденді және бұл бойынша ешкім дауласпайды», - делінген сотта.

Сондай-ақ материалдарда Тұрлыхановтың бұған дейін де осыған ұқсас қылмыс жасағаны, әйелін ұрып-соққаны, тараптардың татуласуына байланысты іс бойынша өндіріс тоқтатылғаны айтылады. Сот бұл оқиғадан кейін тиісті қорытынды жасалмағанын анықтады.

«Тұрлыханов Рахатқа 10 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалсын. Әкімшілік қамаққа алу мерзімі 2024 жылғы 16 қаңтар 12 сағат 10 минуттан бастап есептелсін», - делінген Алматы қалалық соты қаулысында.

Қаулы жарияланған сәттен бастап күшіне енді.

Еске салайық, 2024 жылғы 9 қаңтарда Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Рахат Тұрлыхановқа қатысты ӘҚБтК-нің 73-2-бабының 1-1 бөлігі бойынша әкімшілік іс қаралғаны туралы ақпарат тарады. Ол жұбайын ұрды деп айыпталған.

 Алматыда бұл дерек бойынша сот отырысы өтті, алайда тараптар татуласып, іс тоқтатылған. Тұрлыхановқа ескерту түріндегі жаза белгіленген.

10 қаңтарда әнші мен әйелі Алтынай болған жайтқа қатысты видео үндеу жариялап, көпшілікке мән-жайды түсіндірді.

Алайда көп ұзамай Тұрлыхановтың ісі бойынша сот кабинетінде апелляциялық шағым пайда болды. Порталға апелляциялық шағым 2024 жылғы 10 қаңтарда түскен, кейін судьяға берілген. Бірақ шағымды қай тарап бергені құпия болып қалған еді. Кейін апелляциялық шағымды прокурорлар түсіргені мәлім болды.

Ал 16 қаңтарда Рахат Тұрлыхановтың ісі бойынша апелляциялық сатының отырысы өткен болатын.

Алматы қалалық соты әртістің 10 күнге әкімшілік қамауға алынғанын мәлімдеген еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама