Halyq Uni логотип
×

Еуропалық Парламент депутаттары ЕО елдерін Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты жандандыруға шақырды

Құжатта еуропалық парламентшілер ЕО елдерін «геостратегиялық маңыздылығын» ескере отырып, Орталық Азия мемлекеттерімен өзара іс-қимылды жандандыруға шақырады.

 Халық үні 17.01.2024 | 20:45
Еуропалық Парламент депутаттары ЕО елдерін Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастықты жандандыруға шақырды
Фото: Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметі

17 қаңтарда Еуропалық Парламент депутаттары Еуропалық Одақтың 2019 жылы қабылданған Орталық Азия бойынша стратегиясын бағалау жөніндегі жаңа баяндама-қарарды мақұлдады.Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан әлеуметтік желіде хабарлады.

Депутаттың айтуынша, құжат «жаһандық және өңірлік геосаяси өзгерістер контекстінде Еуропалық Одақ пен Орталық Азияның неғұрлым тығыз ынтымақтастығының мүмкіндіктері мен проблемаларын қарастыру» мақсатында әзірленді.

ЕП Сыртқы істер комитетінің бас баяндамашысы біздің серіктесіміз – неміс еуродепутаты Карстен Люке («Социалистер мен демократтар» фракциясы), қосалқы баяндамашылар – Андрюс Кубилюс («Еуропалық халық партиясы»), Клемен Грошель («Еуропаны жаңарту»), Анна Фотига («Еуропалық консерваторлар мен реформаторлар»), Виола фон Крамон Таубадель («Жасылдар») және Тьерри Мариани («Сәйкестік және демократия») болды.

Баяндаманы дайындау барысында К. Люке Қазақстанға және Орталық Азияның басқа елдеріне екі рет барды, сондай-ақ Парламент Мәжілісінің, СІМ басшылығымен және ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілімен кездесті.

Құжатта еуропалық парламентшілер ЕО елдерін «геостратегиялық маңыздылығын» ескере отырып, Орталық Азия мемлекеттерімен өзара іс-қимылды жандандыруға шақырады.

Еуропалық Парламент ОА елдерімен парламентаралық байланыстарды дамытуға жәрдемдесуге дайын екендігін білдірді.

Парламенттер желісі бойынша Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы ынтымақтастық белсенді дамып келеді.

Атап айтқанда, ЕО Сыртқы істер комитетінің төрағасы, Еуропалық Халық Партиясының Вице-президенті Дэвид Макаллистер бастаған делегациясы Қазақстанға 2023 жылғы тамызда келді.

СІМ-дегі кездесу барысында еуропалық әріптесім Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы саяси диалогтың өзекті жай-күйіне жоғары баға берді, сондай-ақ екіжақты және өңірлік ынтымақтастықтың басым бағыттары бойынша қарқынды өзара іс-қимылды құптады. «Қазақстан Еуроодақтың аймақтағы сенімді және тұрақты серіктесі, кең Азияға қақпа ашатын рөл атқарады. Орталық Азия Еуропа үшін маңызды. Ал Еуропа Орталық Азия үшін маңызды», - деді сол кезде еуропалық саясаткер.

ҚР Парламенті Мәжілісі делегациясының 2023 жылғы қарашада «Қазақстан Республикасы-Еуропалық Одақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің 20-шы отырысына қатысу үшін Брюссельге сапары осы тұрғыда Еуропарламентпен диалогты дамытудағы тағы бір қадам болды.

Еуропалық Парламенттің депутаттары мен қызметкерлері, сондай-ақ Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің сарапшыларынан құралған Еуропалық делегацияны Орталық Азия және Моңғолиямен байланыс жөніндегі делегацияның төрағасы Томаш Здеховский (Чехия, «Еуропалық халық партиясы») басқарды.

Іс-шара барысында біз Қазақстан-Еуропа саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының даму перспективаларын талқыладық. Орталық Азия мен Еуропалық Одақ арасындағы өңірлік ынтымақтастықты, оның ішінде өзара байланыс, климаттың өзгеруі және халықаралық қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты ілгерілетуге байланысты мәселелерге ерекше назар аударылды.

«Өзімнің алғысөзімде мен Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы Келісім, сондай-ақ аса маңызды шикізат материалдары саласындағы жаңа уағдаластықтар негізінде екіжақты байланыстарды кеңейтудің маңыздылығын атап өттім», – дейді депутат.

Айгүл Құспанның айтуынша, өз кезегінде Т.Здеховский «Қазақстан – ЕО» және «Орталық Азия – ЕО» желілері бойынша қатынастардың серпінді өсуін атап өтті, сондай-ақ Еуропалық Парламенттің, әсіресе әлеуметтік-экономикалық реформалар, Заң Үстемдігі, цифрландыру және қауіпсіздік саласында жан-жақты кооперацияны тереңдетуге бағытталған жаңа бастамаларды қолдауға дайындығын растады.

Еуродепутаттар Франциско Миллан-Мон (Испания, «Еуропалық халық партиясы») және Андрис Америкс (Латвия, «Социалистер мен демократтар) Қазақстан азаматтары үшін ЕО визалық режимін жеңілдету мәселесін тезірек шешудің маңыздылығын атап өтті.

Қазақстандық делегаттар «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» жобасын және Еуропа мен Азия елдерінің көлік инфрақұрылымын жақындастыруға бағытталған басқа да бастамаларды қолдау, қазақстандық тараптың 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі мәлімдеген күш-жігері аясында Еуропалық инвестициялық банкпен ынтымақтастық және басқа да аспектілер мәселелерін көтерді.

Депутаттар сондай-ақ еуропалық әріптестеріне Қазақстанда сайлау жүйесін реформалауға, Парламенттің рөлін күшейтуге, сондай-ақ адам құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік тетіктерге бағытталған ауқымды саяси бастамалардың іске асырылу барысы туралы айтып берді.

«Аталған сапарлар Еуропарламентпен тығыз жұмыс байланыстарын одан әрі құрудың өзектілігін көрсетті. Еуропалық депутаттар дайындаған жаңа баяндама Еуропарламенттің Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы өзара іс-қимылдың кең спектрін дамытуда аса маңызды рөл атқара алатынын, сондай-ақ еліміздің Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту жөніндегі күш-жігерін қолдай алатынын көрсетті», - дейді Айгүл Құспан.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарым 17 қаңтарында Еуропалық парламент «Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша Стратегиясы: серіктестікті нығайтудың жаңа мүмкіндіктері» атты қарарын қабылдауға дауыс бергенін хабарлай келе, қарар Еуропалық Парламенттің жоспарлы құжаты болып табылатынын атап айтты.

Депутаттың айтуынша, оның шеңберінде заң шығарушылар ЕО-ның Орталық Азия бойынша жаңа стратегиясын іске асыруға байланысты өз бағаларын берді.

Осы мақсатта еуродепутаттар Қазақстанға және өңірдің басқа елдеріне бірнеше рет барды. Орталық Азияның ресми өкілдері мен азаматтық секторының пікірі ескерілді.
Өткен жылдардағы ұқсас құжаттармен салыстырғанда, 2024 жылғы Орталық Азия бойынша ЕО қарары өзінің сипатымен ерекшеленеді.

Мұнда алғаш рет Орталық Азия келесідей өңір ретінде қарастырылады: 1) өзінің өңірлік бірегейлігін – қазіргі заманғы халықаралық және өңірлік қатынастардың жекелеген мәселелері бойынша тәуелсіз ұстанымдарын ойдағыдай қалыптастырған; 2) саудада, инвестицияларда, бизнесте және инновацияларда өңірлік мүмкіндіктерді біріктірген.

Еуропалық парламент Еуропалық Одақ пен Орталық Азия үшін жаһандық және өңірлік сын-қатерлер мен қауіптердің ұқсастығын мойындайды, бұл ұзақ мерзімді, құрылымдық және өзара тиімді ынтымақтастық үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Осыған байланысты Еуропаның заң шығарушы органы Еуропалық Одақты «геостратегиялық маңыздылығын» ескере отырып, Орталық Азиямен өзара іс-қимылды жандандыруға және саясат пен экономика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту арқылы Орталық Азия мемлекеттерімен стратегиялық әріптестікті ілгерілетуге шақырады.

«Еуропалық Одақтың Орталық Азия мемлекеттерімен өзара іс-қимылының қажеттілігіне қатысты Еуропалық парламентшілердің үндеуін тек қана құптауға болады.
Сонымен бірге, біз «саяси қудалау» және «саяси тұтқындар» деп аталатын мәселе бойынша келіспейтініміз анық. Қазақстан заңнамасында оған сәйкес еліміздің азаматтары қандай да бір саяси көзқарастары үшін қудаланатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң және нормативтік құжат жоқ. Елде Конституциямен цензураға тыйым салынады», - дейді депутат.

Айдос Сарым керісінше реформалар адам құқықтарын қорғау жүйесін, ой білдіру мен жиналыс бостандығын нығайтқанын айтты.

Оның айтуынша, Парламент белсенді саяси пікірталастар мен халқымыз үшін маңызды мәселелер бойынша полярлық пікір білдіру алаңына айналуда. Заң Үстемдігі қағидаты - сот жүйесінің тәуелсіздігі мен кәсібилігі дәйекті түрде нығайтылуда.

Қазақстанның алдында тұрған басты міндет-Заң Үстемдігі мәдениетін нығайту. Заң мен тәртіптің диктатурасы Заңның барлығына бірдей қолданылуын қамтамасыз ету керек – ешкім бұдан тыс қалмауы керек. Қазақстан осыған ұмтылады және осы бағытта күн сайын жұмыс істейді.

Заңның кез келген бұзылуы жазаланады. Адамдардың саяси көзқарастары мен идеологиялық қалауларының заң мен құқықтық тәртіпке ешқандай қатысы жоқ. Еуропалық Парламенттің қарарында аталған барлық адамдар заңды бұзды және бұл үшін сот шешімімен жауап береді.  

Конституциялық құрылымды құлатуға және билікті күштеп өзгертуге, экстремистік қызметті қоздыру мен қаржыландыруға – бір сөзбен айтқанда, конституциялық тәртіпті бұзуға шақыру - Батыс елдерінің заңнамасында қатаң түрде қудаланады.

Америка Құрама Штаттарында (заңдар кодексі б.18, § 2383) мұндай құқық бұзушылықтар үшін 10 жылға бас бостандығынан айыруға болады. Осыған ұқсас жазалар Еуропада, соның ішінде Германия мен Францияда да қолданылады.

Жекелеген еуродепутаттардың қос стандарттары бізге бұрыннан белгілі және тұтастай алғанда, еуропалық заң шығарушы органда қалыптасқан мәдениеттің бір бөлігі ретінде қабылданады, оны жою үшін Еуропарламентте жалғасып жатқан сыбайлас жемқорлық жанжалы аясында Еуропаның құқық қорғау органдары жұмыс істеуде.

Мұндай заң шығарушылардың беделі ұзақ уақыт бойы қаржылық және басқа сипаттағы бұзушылықтармен, соның ішінде сыртқы ықпал ету топтарымен байланыс арқылы ластанған.

«Қазақстанда бұл үдерісті алаңдаушылықпен бақылауда. Еуропаның маңызды заң шығару институтының беделін қалпына келтіру үшін Еуропаның құқық қорғау органдары мен соттарының объективтілігіне үміттенемін», - деді Айдос Сарым.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама