Halyq Uni логотип
×

Башқұртстанда халық ереуілге шықты (ВИДЕО)

Баймақ аудандық соты «Башқұрт» ұйымының бұрынғы басшысы Фаил Алсыновты 4 жылға соттады

 Дастан Жұмабекұлы 17.01.2024 | 17:37
Башқұртстанда халық ереуілге шықты (ВИДЕО)
Фото: novayagazeta.eu

Башқұртстан Республикасының Баймақ қаласында халық экобелсенді Фаил Алсыновқа қатысты шығарылған сот шешіміне қарсы ереуілге шықты.

Башқұртстандағы Баймақ аудандық соты 17 қаңтарда Ресейде тыйым салынған «Башқұрт» ұйымының бұрынғы басшысы Фаил Алсыновты «араздықты қоздыру» бабы бойынша (Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 282-бабы 1-бөлігі) 4 жылға соттаған. 

Соттың шешіміне қарағанда, экобелсенді Орталық Азиядан келген еңбек мигранттарын қара халық деп атаған. Орыс тіліне аударылғанда ол «черный народ» болып, халық арасында «араздықты қоздырған». Ал Фаил Алсынов пен оның жақтастарының айтуынша, қара халық дегеніміз – кәдімгі қарапайым халық деген мағынада айтылған. Сот соған қарамай, «Башқұрт» ұйымының бұрынғы басшысын 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарған. Осыған байланысты Баймақ қаласында бірнеше күннен бері жергілікті халық экобелсендіні бостандыққа шығаруды талап етіп, сот ғимаратының алдына жиналып, оның соңы ереуілге ұласқан.

Фаил Алсынов 2020 жылы Көштау тауын билік өкілдері мен алтын өндірумен айналысатын компаниялардан қорғау үшін митинг ұйымдастырған болатын. Бұл Ресей билігі мен Башқұртстан Республикасының басшысы Радий Хабировке ұнамаған сияқты. Сол кезден бері экобелсенді қуғынға ұшырап, бірнеше рет өміріне қауіп төнген болатын.

Қазір полиция мен арнайы жасақ халықты Баймақ аудандық сотының ғимараты алдынан кетіру үшін әрекет етіп жатыр. Бірақ одан ештеңе шығар емес. Полицияның өзі 20-дан астам адамды тұтқынға алып, халықтан алаңды босатуды талап етіп жатыр деген де дерек шықты. Қауіпсіздік қызметкерлері, тіпті, жиналғандарды ұрып-соғып, наразылық білдірушілерге қарсы жарық шу гранаталарын қолданған. Соның кесірінен сол жердегі куәгерлердің бірінің аяғына граната жарылған.

Соңғы мәліметке сүйенсек, Telegram және Вконтакте әлеуметтік желісінде Фаил Алсыновтың өзі жүргізген арналар мен парақшалар жабылған. Сонымен бірге тікелей эфирде ереуіл туралы материал дайындаған RusNews арнасы жұмысын тоқтатқан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама