×

Әлихан Смайылов Қазақстанда 5G енгізу бойынша тапсырма берді

Бағдат Мусин Қазақстанда 5G/IMT бесінші буындағы ұялы байланыс стандарты енгізіліп жатқанын айтты

 Дастан Жұмабекұлы 25.05.2022 | 17:30
коллаж: Halyq Uni

Премьер-министр Әлихан Смайылов төрағалығымен өткен цифрландыру мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында бесінші буындағы ұялы байланысты енгізу және дамыту (5G/IMT) барысы қаралды.

Күн тәртібінде қаралған осы мәселесі бойынша Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанда 5G/IMT бесінші буындағы ұялы байланыс стандартының енгізіліп жатқаны атап айтты.

Оның айтуынша, жүргізілген сынақтар жақсы нәтиже көрсетті. Мысалы, жиілікті қамтудың тиімді аймағы – 10 шаршы км астам, жылдамдық көрсеткіші – 1,6 Гбит/с дейін, кідіріс деңгейі – 10 мс кем болды.

2021 жылы жеке операторларға Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте 5G технологиясын тестілеу құқығы берілді.

Премьер-министр 5G желілері үшін жиіліктерді бөлу тетіктерін қосымша пысықтауды және жаңартылған ұсыныстарды комиссияның қарауына қайта енгізуді тапсырды.

Сонымен бірге жиында Мемлекет басшысының мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі тапсырмасын орындау мәселесі қаралды. Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі мемлекеттік органдар мен бизнес құрылымдарда реинжинирингтің жасалып жатқанын айтты.

Реинжиниринг - қызмет көрсету уақытын бірнеше есе азайтады. Ол мемлекеттік органдардың жұмысын жақсартады, - деді ол.

Оның сөзінен белгілі болғандай, азаматтар жиі жүгінетін бірқатар қызмет оңтайландырылды.  Мысалы, автокөлікті сатып алу (15 мин, онлайн қызметтер арқылы қайта тіркеу), ЖШС жою (1 ай), мүгедектікті белгілеу (сырттай куәландыру мүмкіндігі), пәтерді қайта жоспарлау (1 күн), еңбекке жарамсыздық парағын алу (қашықтан) және басқа да қызмет түрлері бар. Жыл соңына дейін Қазақстан бойынша реинжиниринг толық енгізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама