Балжан Шәменова 2021 жылдың сәуірінде Қызылорда облысының әкімінің орынбасары болып тағайындалған
28 сәуірде Қызылорда қаласының әкімі болып Асылбек Шәменов тағайындалды. Асылбек Шәменов – Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың туған ағасының ұлы. Енді жаңа тағайындауға байланысты Балжан Шәменова қызметінен кететінін айтты.
«Қызылорда облысының әкімі болып Нұрлыбек Нәлібаев тағайындалған сәттен бастап, маған қосымша экономика, қаржы саласына жетекшілік ету жүктелді. Дегенмен, сәуір айынан бастап туған ағамның баласы Асылбек Шәменов қала әкімі ретінде қызметке келді. Ол Жалағаш ауданы әкімі болған кезеңде маған тікелей бағынышты болмады, бұл жерде заңға қайшы әрекет жоқ. Бірақ сәуір айынан бастап, қаржы саласына жетекшілік ететіндіктен және інімнің қала әкімі қызметіне келуі себепті мен облыс әкімінің орынбасары қызметінен кету туралы шешім қабылдадым», - деді Балжан Шәменова.
Балжан Шәменова 1962 жылы Қызылорда облысында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын «экономист» мамандығы бойынша бітірген. Экономика ғылымдарының кандидаты, доцент.
Еңбек жолын 1979 жылы Қызылорда қаласындағы «Риссовхозстрой» тресінің № 27 жылжымалы механикалық колоннасында штукатур-маляршы ретінде бастаған.
1984-1997 жылдары облыстың жоғарғы оқу орындарында жауапты педагогикалық қызметтер атқарған.
1997-2012 жылдары облыстық экономика басқармасының басшысы болған.
2012-2013 жылдары облыстық медицина орталығы директорының экономика бойынша кеңесшісі. 2013-2014 жылдары Қазақ инженерлік-техникалық академиясының доценті ғылыми қызметтерін атқарған.
2014-2016 жылдары Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің департамент директоры. 2016-2019 жылдары Nur Otan партиясы орталық аппараты жетекшісінің орынбасары лауазымдарын атқарған.
2019 жылғы қыркүйек айынан бастап «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ басшылық лауазымдарында әлеуметтік қамсыздандыру саласында қызмет атқарды.
2021 жылдың сәуірінен бастап Қызылорда облысының әкімінің орынбасары лауазымын атқарып келді.