Halyq Uni логотип
×

2030 жылы Орталық Азия елдерінде энергия тапшылығы болуы мүмкін

Энергетика министрі Қазақстанда АЭС іске қосылатынын мерзімді атады

 Дәурен Ерболат 16.01.2024 | 10:57
2030 жылы Орталық Азия елдерінде энергия тапшылығы болуы мүмкін
көрнекі фото: Reuters

2035 жылға қарай Қазақстан атом энергиясының игілігін көруді жоспарлап отыр. Бұл туралы Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Үкімет отырысында министр 2030 жылы Қазақстанда энергия тапшылығы туындайтынын жеткізді.

«Бекітілген қуат теңгеріміне сәйкес 2030 жылға қарай резервтің қажетті деңгейі 17% болғанда, электр қуатының қажеттілігі 28,2 ГВт болады. Бұл ретте жаңа қуаттарды ескеріп, қолда бар қуат 22 ГВт деңгейінде болады.

Біртұтас электр энергетикалық жүйедегі электр қуаты тапшылығының көлемі 6 ГВт-тан асады, оның ішінде шамамен 4 ГВт – жаңа қуаттар.

Орталық Азия елдеріндегі теңгерімді талдау 2030 жылға қарай 2,7 ГВт көлемінде электр қуаты тапшылығын көрсетіп отыр», - деді Алмасадам Сәтқалиев.

Министрлік энергия тапшылығының алдын алу, экспорттық әлеуетті ұлғайту мақсатында Электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген.

Жоспар бойынша шамамен қосымша 26 ГВт жаңа қуаттарды енгізу қарастырылады. Бұл жоспар бұрын Президент жанындағы энергетикалық кеңес отырысына шығарылған. Кейін мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескеріп пысықталды, - деді министр.

Сондай-ақ Алмасадам Сәтқалиев 2035 жылға қарай Қазақстан атом энергиясын тұтынатынын жеткізді.

Электр энергетикасы саласын дамыту жоспары сәтті іске асатын болса, 2035 жылға қарай отын түрлері бойынша белгіленген қуат құрылымы төмендегідей болады:

  • Жаңартылатын энергия көздері – 24,4%;
  • Гидроэлектр станциялары – 10,8%;
  • Газ – 25,8%;
  • Көмір – 34,3%;
  • Атом электр станциясы – 4,7%.

«Жаңартылатын, баламалы энергияны және газ генерациясын іске қосу арқылы электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясының үлесі едәуір азаяды. Осылайша, 2035 жылға қарай жылына 44 млн тонна СО2 деңгейінде көміртекті офсетке қол жеткізу жоспарланып отыр», - деді ведомство басшысы.

Бұған дейін «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС бас директоры Тимур Жантикин Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін 10-15 млрд доллар қажет екенін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама