40 жастағы әкім қызметінен жемқорлық дауына байланысты кеткен еді
Павлодардың бұрынғы әкімі Ержан Иманзайыпов Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына басшы болды.
Павлодар облысы әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, бұрынғы әкімді жаңа қызметке тағайындау туралы өкімге өңір басшысы қол қойған.
Айта кетейік, 2023 жылдың қыркүйегінде облыс әкімінің өкімімен Ержан Иманзайыпов қарамағындағы қызметкерлерге қатысты жемқорлық дауы болып, Павлодар қаласы әкімі қызметінен кеткен еді.
Ержан Иманзайыповты қызметтен алып тастамас бұрын өңір әкімі Асайын Байханов Павлодар активімен кездесуде қарамағындағылар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша жұмысты тиісінше ұйымдастырмау, қала тұрғындары үшін облыс орталығын дамыту және абаттандыру жөніндегі маңызды жобалардың іске асырылуы талап етілетін бақылаудың болмауы, сонымен қатар қала әкімдігінің Павлодар халқымен коммуникациясының әлсіреуі деген сын-пікірлер қызметтен босатуға себеп болғанын айтады.
2023 жылдың 1 қыркүйегінде Асайын Байханов мәжіліс отырысында Павлодар әкімінің жұмыстан шығарылуы оның көмекшісіне қатысты тергеудің басталуына байланысты ма деген сұраққа жауап берді. Сонда ол өңірдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ақпаратына сәйкес, ешкімнің қамауға алынбағанын хабарлады.
Айта кетсек, 40 жастағы Ержан Иманзайыпов әр жылдары Павлодардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде, Индустрия және сауда министрлігінің құрылыс және ТКШ істері комитетінде, табиғи монополияларды реттеу агенттігінде жұмыс істеген.
Сонымен бірге, Ақмола облысының табиғи монополияларды реттеу департаменті директорының орынбасары, табиғи монополияларды реттеу агенттігі департаменті директорының орынбасары қызметтерін атқарды.
2014 жылдан 2017 жылға дейін Павлодар әкімінің орынбасары, Екібастұз әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.
2017 жылдан 2019 жылға дейін Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып жұмыс істеді.
2019 жылдан 2020 жылға дейін Екібастұз қаласының, кейін Павлодар қаласының әкімі болды.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың 12 қыркүйегінде Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков болды. Осы тағайындауға дейін ол Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған.