Halyq Uni логотип
×

Түркияда көшпенділер ойындары талқыланды

Қазақстан делегациясы Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанмен кездесті

 Дастан Жұмабекұлы 15.01.2024 | 17:45
Түркияда көшпенділер ойындары талқыланды
Фото: V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекциясы

Түркияның Ыстанбұл қаласында еліміздің туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев пен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекцияның жетекшісі Наиль Нұров Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоғанмен кездесіп, ұйымдастыру жұмыстарына қатысты мәселелерді талқылады.

Туризм және спорт вице-министрі көшпенділер ойындарына дайындық жұмыстары мен ақпараттық-насихат шараларының қызу жүріп жатқанын айтты.

Дирекция жетекшісі Наиль Нұров V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызын ескере отырып, жарыстың ашылу және жабылу салтанаты мен дүрмекті доданы әлемнің жетекші телеарналары арқылы тарату мәселесін де ортаға салды.

Біләл Ердоған тараптар арасындағы әріптестік қатынастың артқанын айта келе, көшпенділер ойындарын ұйымдастыру Қазақстанның этноспорт қозғалысын әлемдік деңгейде насихаттаудағы атап айтарлықтай жобаларының бірі екеніне айрықша мән берді.

Жиында Қазақстан делегациясының 16-18 ақпан аралығында өтетін Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының конгресіне қатысатыны да хабарланды. 

Ыстанбұлдағы Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының кеңсесінде өткен кездесуге Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әміреев пен Қазақстан Республикасының Бас консулдығының өкілдері де қатысты, – делінген V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу жөніндегі дирекцияның хабарламасында.

2024 жылдың 8-14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4 000-ға жуық спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұраны – «ҰЛЫ ДАЛА ДҮБІРІ».

Серіктес жаңалықтары

Сараптама