Ереуіл салдарынан компанияға шамамен 499 млн теңге залал келтірілген
Қарақия аудандық соты West Oil Software ЖШС жұмысшыларының 2023 жылдың 11 желтоқсанынан басталған ереуілін заңсыз деп таныды. Бұл туралы lada.kz хабарлады.
Бір ай ішінде ереуілге қатысушылардың заңсыз әрекетінің салдарынан компанияға шамамен 499 млн теңге залал келтірілген.
Еске сала кетсек, ереуілшілер ЕСОТ жүйесіне сәйкес жалақыны теңестіру, компанияны «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ құрылымына кіргізу және арнайы техникаларды жаңарту талаптарын алға тартқан болатын.
Компанияның мәлімдеуінше, алғашқы екі талапты орындау мүмкін емес. Ал үшінші мәселе бойынша ұлттық компания талапты қанағаттандыруға дайын және әзірленген үш жылдық жоспарға сәйкес, техниканы жаңарту процесін бастаған.
Орындалуы мүмкін емес талаптардың қойылуы салдарынан компанияға күн сайын материалдық шығын келтіріліп жатыр. Бұл компанияның қаржылық жағдайына ғана емес, ереуілге шыққан жұмысшылардың отбасылық бюджетіне де әсер етеді. Ереуіл басталғаннан бері оған қатысушыларға ол әрекеттерінің заңсыздығы туралы бірнеше рет түсіндірілді. Сонымен қатар арнайы техникалардың кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары басталғандығы және жұмысқа шығу қажеттілігі туралы хабарланды, - деп жазылған хабарламада.
Алайда компанияның мәселені келіссөздер арқылы шешуге шақыру әрекеттері сәтсіз аяқталған. Сондықтан бүгіннен бастап заңсыз ереуілдің жалғасуына түрткі болғандарды жұмыстан шығара бастамақ.
Бұл арада заңсыз акцияның пайдасыздығын түсініп, одан бас тартқан 50-ден астам адам өз жұмыс орындарына оралған. Сонымен қатар Қарақия ауданының мансаптық орталығында жұмыссыздық бойынша есепте тұрған азаматтарды бос орындарға жұмысқа қабылдау жоспарланып отыр.
Егер мекемеміздің өз міндеттерін орындауына кедергі келтіретін іс-әрекеттер тоқтатылмаса, компания тергеліп жатқан қылмыстық іс шеңберінде жауапқа тарту туралы мәселені шешу үшін тиісті материалдарды құқық қорғау органдарына беруге мәжбүр болатынын ескертеміз. Өз кезегінде West Oil Software компаниясы әрқашан өз ұжымына қамқорлық жасайды. Біздің жұмысшыларымыздың жалақысы басқа көлік компанияларының жалақыларынан орта есеппен алғанда жоғары. Жұмысшылардың әлеуметтік пакетін жақсартып, жалақыны көтере отырып, компания басшылығы кездесу өткізіп жүр, - делінген компания хабарламасында.
Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ да, «Ойл Транспорт Корпорэйшн» ЖШС бас директоры да ереуілге қатысты өз позицияларын білдірген. Кейін сот шешімімен бұл ереуіл заңсыз деп танылды.