«Доллар дүрбелең басылған соң арзандады» - Ұлттық экономика министрі
Бюджетте бір доллардың бағамы - 460 теңге
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров теңге бағамының нығаюына қатысты түсінік берді.
Бүгін Парламент Мәжілісінде тілшілер Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтан көктемде теңге бағамының құнсыздануының себебін сұрады. Ол теңгенің құнсыздануының себебін валюта бағамына қатысты дүрбелеңмен байланыстырды.
Көктемде бизнестің кейбір түрлері мен халықтың бір бөлігі АҚШ долларын жаппай сатып ала бастады. Соның кесірінен теңге бағамына қысым жасалды. Осыдан кейін жағдай тұрақтанды. Қазір теңге нығайып келеді. Біз наурыз айында жағдай тұрақтала бастағанына қарамастан, бюджетті нақтыладық. Сөйтіп, бюджеттегі доллар бағамы 460 теңгеге дейін көтерілді. Қазір соған бағдар ұстау керек, - деді Ә. Қуантыров.
Одан кейін министр еліміздің экономикасында өсімнің бар екенін, ол биылғы төрт айдың қорытындысы бойынша 4,4 пайыз болғанын айтты.
Өздеріңіз жақсы білесіздер, валюта бағамына қатысты дүрбелең басылды. Үкімет Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірелесе экономиканы тұрақтыру бойынша тиісті қадамдарды жүзеге асырып жатыр, - деді ол.
Сонымен қатар ол соңғы айларда Ұлттық банк интервенциялары жүргізілмегенін жеткізді. Бұдан бұрын хабарланғандай, Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматовтың ішкі валюта нарығындағы жағдай тұрақтанғандықтан, Ұлттық банк сәуір, мамыр айларында валюталық интервенцияларды жүргізбегенін айтты.
25 мамырдағы мәлімет бойынша Қор нарығында АҚШ доллары 416 теңгеден сатылып жатыр.