Halyq Uni логотип
×

Батыс Қазақстан облысында «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы іске қосылады

Облыста тұрғын үй алуға 600 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, жас отбасыларды баспанамен қамту жоспарланып отыр

 Халық үні 12.01.2024 | 19:10
Батыс Қазақстан облысында «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы іске қосылады
фото: облыстық әкімдіктен

Бүгін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев «Әділетті Қазақстан -Адал азамат» атты жас мамандармен кездесу жиынында республикамызда алғаш рет өңірімізде іске қосылғалы тұрған «Қаладан ауылға» пилоттық жобасымен таныстырды. 

Облыс әкімі өз сөзінде ең алдымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген мақаласы аясында өңірімізде жүзеге асып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Мақалада қозғалған басты жобаларды жүзеге асыруда, әсіресе жастардың рөлі басым екенін айтқан өңір басшысы елімізде тұңғыш рет халықты қаладан ауылдық жерлерге көшіруге бағытталған «Қаладан ауылға» пилоттық жобасы іске қосылатынын хабарлады. 

«Президенттің тапсырмасы аясында өткен  жылы елімізде ауылдық аймақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған Тұжырымдамасы қабылданды. Осының аясында БҚО-да халықты қаладан ауылдық жерлерге көшіру бойынша пилоттық жобаны іске асыратын боламыз. Бұл туған жерге туымызды тігу үшін,  қара шаңырақтың түтінін қайта жаңғырту, ауылдарымызды иесіз қалдырмау және жаңғырту үшін басталып жатырған жоба.

Біз ауылға көшіп барамын деген азаматтарға өз тарапымыздан мемлекеттік бағдарламаларды пайдалана отырып және жергілікті бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып барынша қолдау білдіреміз. Өткен жылы ауылдық жерлерге барған дәрігерлерге 2,5 млн. теңгеден 5 млн. теңгеге дейін қаржылай көмек көрсетілді. Биылғы жылы бұл қаражаттың көлемін 5 млн. теңгеден 8 млн. теңгеге дейін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Соңғы 3 жылда ауылдық жерлерге 3 616 адам қоныс аударған», - деді Нариман Төреғалиев. 

Қаладан ауылға қоныс аударған жастардың бірі Эльвира Аманова шара барысында мемлекеттік қолдаудың маңыздылығын атап өтті. 

«Отау құрғалы 10 жыл  бойы жолдасымыз екеуіміз пәтер жалдап тұрдық. Ендігі кезекте отбасымызбен Бәйтерек ауданының Чиров ауылына қоныс аудардық. Осы пилоттық жоба аясында өз ісімізді бастамақ ниеттеміз. Осындай жоба әлеуметтік жағдайын түзей алмай жүрген талай жандарға туған жеріне, ауылына барып, тек қана жағдайын ғана түзеп қана қоймай, еліміздің өркендеуіне де өз үлесін қосар еді», - деді Эльвира Оралбекқызы.

Жиын барысында облыс әкімі жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасын іске асыру мақсатында «Отбасы банк» АҚ БҚО филиалы басшысымен арнайы меморандумға қол қойды.

Бұл меморандум нәтижесінде «Отбасы банк»-пен бірлесе 35 жасқа дейінгі жастарға жеңілдетілген несие берілмек. Осы орайда, БҚО-да тұрғын үй алуға 600 млн. теңге көлемінде қаражат бөлініп, жас отбасыларды баспанамен қамту жоспарланып отыр. 

Бұдан бөлек, іс-шарада еліміздегі Президенттік жастар кадрлық резерві жобасы туралы да айтылды. Батыс Қазақстан облысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне іліккен 4  маман басқарушылық лауазымдарда жұмыс істеп жүр.

Ал, биылғы іріктеленіп алынған жастардың екеуі Батыс Қазақстан облысының тумалары. Оларды қазіргі уақытта жұмысқа орналастыру бойынша тиісті шаралар атқарылып жатыр. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама