Шетелдіктер еліміздің әскери мүмкіндіктерімен танысты
Қазақстанға БҰҰ-ның Бейбітшілікті қолдау операциялары департаментінің сарапшылары консультативтік сапармен келді.
Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Бітімгершілік дайындық орталығына (ҚАЗЦЕНТ) барудағы басты мақсаты – оның қызметімен танысу және қазақстандық бітімгершілік контингенттің дайындық әлеуетінің жүйесі шеңберінде БҰҰ-ның бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларына қатысуға дайындығын айқындау, - делінген хабарламада.
Сарапшылар бітімгерлердің оқу процесінің негізгі бағыттарын, соның ішінде ағылшын тілін оқыту мен халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын зерделеді.
Алматы облысының Тілендиев ауылындағы Бітімгерлерді дайындау оқу-жаттығу орталығында практикалық іс-қимылдар көрсетілді.
Бірікккен бөлімшенің бақылау-өткізу және қадағалау пункттерінде қызмет атқару, гуманитарлық жүкті алып жүру, маңызды объектілерді күзету, жергілікті халықты қорғау жөніндегі іс-шаралар кешенін өткізу және сол аймақты патрульдеу тапсырмаларын пысықтады.
Сарапшылар ұшқышсыз басқарылатын аппараттар бөлімшелерінің іс-қимылын, олардың техникалық мүмкіндіктерін, оларды бақылау және ақпарат жинауды бағалады.
Инженерлік-саперлік бөлімшелердің мамандары қолдан жасалған жарылғыш заттарды табу және оларды жою іс-қимылдарын орындады.
Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, БҰҰ-ның өкілдері әскери медицина орталығында болып, Қазақстанның Қарулы кұштері әскери қызметшілерінің әскери-медициналық дайындық деңгейін көрді.
Сапардың қорытындылары бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік әлеуетінің әзірлік жүйесінің ілгерілеу мүмкіндігіне, қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен, медициналық, тылдық және басқа да мүлікпен жарақтандырылуына, сондай-ақ Қазақстанның бітімгершілік контингентінің дайындық деңгейіне алдын ала баға берілетін болады.