Halyq Uni логотип
×

Йемендегі хуситтер халықты соғысқа шақырды

АҚШ бізбен бекер байланысқанына өкінетін болады, – деді әл-Хуси

 Дастан Жұмабекұлы 12.01.2024 | 15:35
Йемендегі хуситтер халықты соғысқа шақырды
Фото: aa.com.tr

Йемендегі хуситтердің Ansar Allah қозғалысының лидері әл-Хуси халықты соғысқа дайындалуға шақырды. Осыған байланысты ол жақын арада елде жаппай мобилизацияның болатынын айтты.

Оның айтуынша, бүгін түнде АҚШ пен Ұлыбритания бастаған коалиция әуеден Йеменнің бірнеше әскери нысандарына соққы жасап, әскери техникаларды істен шығарған. Соның кесірінен елдің ұлттық қауіпсіздігіне орасан зор қауіп төнген. Енді Йемен Батыс елдерінің бомбалауын күтпей, ашық соғысқа шығады. Ол үшін халықты соғысқа дайындайтын болады.

Бүгін түнде АҚШ пен Британия бастаған елдер Саада провинциясындағы Кахлан әскери базасын, Сана қаласының солтүстігіндегі әл-Дайлами әуе базасын, Қызыл теңіздегі Ходейда қаласы әуежайын, Таиз қаласының әуежайын, осы провинциядағы басқа нысандар мен Аббс қаласының аэродромын бомбалады. Бізде бар ақпаратқа қарағанда, соққы ұшақ, суүсті және суасты кемелерінен жасалған. «Томагавк» қанатты зымыраны да пайдаланылған. Радиолокациялық станциялар мен дрондар қоймасына соққы жасалған. Біз бомбаның астында қалып отырмаймыз. Бізден де жауап болады, онда да АҚШ бізбен бекер байланысқанына өкінетін болады, – деді әл-Хуси.

Хуситтер лидерінің мәлімдемесін Иран, Сирия мен Ливандағы «Хезболла» ұйымы қолдады. Бұл мемлекеттер де Батыс елдерін айыптады. Иран Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Насер Канаани Батыстың шабуылына наразылық білдіріп, бомбалауды Йеменнің территориялық тұтастығы мен тәуелсіздігіне қарсы жасалған соққы деп мәлімдеді.

Бұл соққылар халықаралық құқықты өрескел бұзу болып саналады. Шабуыл аймақтағы тұрақтылықты бұзып отыр, – деді ол.

Қытай, Ресей мен Сауд Арабиясы әзірше ешкімді айыптай қойған жоқ. Керісінше, олар БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысын шақырып, мәселені дөңгелек үстел үстінде шешуді ұсынып отыр.

Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрі тараптарды дауды ушықтырмауға шақырды.

Біз Араб түбеегіндегі жағдайға алаңдаушылық білдіріп отырмыз. Кемелер Қызыл теңізде еркін жүріп, жүктерді еркін тасымалдауы керек. Қызыл теңіздің қауіпсіздігі – халықаралық құқықтың талабы, – деді ол.

АҚШ президенті Джо Байден болса, ешкімнің аймақта соғыс ашқысы келмейтінін, бірақ кемелерге шабуыл жалғасып, сауда мен теңіз жолдарының қауіпсіздігі бұзылса, міндетті түрде тағы соққы беретінін атап өтті.

Хуситтер – Иран қолдап отырған Таяу Шығыстағы «қарсылық шегі» деп аталатын үш альянстың бірі. Олардың қатарына Палестинадағы ХАМАС, Ливандағы «Хезболла» және Йемендегі ««Ансар Алла» қозғалысы (хуситтер) кіреді. Бұл ұйымдар Израиль мен Батысқа қарсы құрылған.

Хуситтердің ұраны – «Америкаға өлім, Израильге өлім, еврейлерге қарғыс және исламға жеңіс».

1990 жылдардың соңында Йеменнің солтүстігіндегі Хуситтер әулеті исламның шиит бағытындағы заидиттер тармағын қайта жаңғыртып билікке оралу үшін осы топты құрған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама