Тестілеу 15 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді
Қаңтарда өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау аяқталды. Nестілеуден өтуге 136 мың адам ниет білдірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, ҰБТ 15 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Өтініш беру барысында тестілеу күнін, уақытын және орнын талапкерлердің өздері таңдаған.
ҰБТ барысында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі компьютер экранында көрсетіледі. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат апелляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады, – деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады.
Осылайша, ҰБТ тапсырмаларының саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және 2 бейіндік пән бойынша 40 тапсырма бар. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт та сақталады.