Halyq Uni логотип
×

Түркістандағы базарда кітапхана ашылды (ВИДЕО)

Қаладағы ең үлкен «Қуаныш» сауда орталығына күніне орта есеппен 20 мыңнан астам адам келеді

 Дастан Жұмабекұлы 12.01.2024 | 14:21
Түркістандағы базарда кітапхана ашылды (ВИДЕО)
Фото: otyrar.kz

Түркістан қаласындағы «Қуаныш» сауда орталығында «Фараб» кітапханасының пункті ашылды. Қазір оңтүстік өңірде халық көп шоғырланған базарларда кітапхана ашу жобасы қолға алынған. Жаңа руханият ордасының ашылу салтанатына жергілікті зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер және облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев қатысты.

Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, бұл жобаны өңір басшысы Дархан Сатыбалды қолдап, қоғам мәдениетін дамыту бағытында жүйелі шаралар ұйымдастыруды тапсырып отыр. Қарапайым халықтың да жиі келетін орны – базар. Сондықтан да кәсіпкерлердің кітап оқып, іскерлік тұрғыдан ізденуіне қолдау білдіріп, мәдени ортаны кеңейту мақсатында тың жоба қолға алынған.

Қаладағы ең үлкен «Қуаныш» сауда орталығында 1 700-ден астам кәсіпкер жұмыс істейді. Күніне орта есеппен 20 мыңнан астам адам келеді. Бұл кітапхана бір күнде 70 адамға дейін қызмет көрсетеді. Айына орта есеппен 1 500 адамды қамтиды деп жоспарланып отыр. Мұндай тың жоба әрі қарай да аудан, қалаларда жалғасып, орталық базарларда ашылады.

Мұнда түрлі бағыттағы көркем әдебиеттер мен кәсіпті нығайтуға бағытталған және жігер беретін әлемдік бестселлерден құралған 3 мыңға жуық кітап қоры бар. Бұл туындылар кәсіпкерлерге өз бизнесін дамытуға, тұлға ретінде қалыптасуына үлес қосып қана қоймай, жаңа әрі креативті идеялардың тууына мүмкіндік береді. Халықтың сұранысына сай кітап сөрелері тұрақты түрде жаңартылып отырады. Сонымен қатар арнайы қатарлар немесе шкафтар орнатылып, сол жерде азаматтар оқыған кітаптарын сыйға қалдырады немесе басқа кітаптармен алмастырып оқи алады, – деді ол.

Otyrar.kz-тің хабарлауынша, өңірде жалпы 39 базар жұмыс істейді. Онда 7 мыңнан астам кәсіпкер сауда-саттықпен айналысып отыр.

Жалпы облыс көлемінде 398 кітапхана, 6 миллионға жуық кітап қоры бар. Өткен жылы «Ашық әкімдіктегі ашық кітапхана» жобасы қолға алынып, нәтижесінде облыстың және аудан, қалалардағы әкімдік ғимараттарында, әлеуметтік нысандарда кітапхана бұрыштары ашылды. Атап айтқанда, қазір облыс бойынша әкімшілік ғимаратынан 15 және басқа да нысандарда 8 кітапхананың жылжымалы пункті ашылып, оқырман игілігіне қызмет етіп тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама