Қазақстанда балалардың 15,3%-ы күн сайын интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді
11-12 жас аралығындағы оқушылардың жартысынан көбі әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында өз аккаунттарына ие
Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен ЮНИСЕФ-пен бірлесе жүргізілген Kazakhstan Kids Online ауқымды зерттеуі негізінде Қазақстанда балалардың интернетті пайдалануымен байланысты айтарлықтай сын-қатерлер анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Зерттеудің негізгі қорытындысы цифрлық әлемде балалар үшін қауіптерді азайту және қолдау стратегияларын әзірлеуге бағытталған.
Интернет бала өмірінің маңызды бір бөлігіне айналды. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, балалардың 5%-ы желіге алғаш рет 4 жаста, кей жағдайда тіпті одан да ерте жаста кіреді. Ал 9-10 жас аралығындағы балалардың 60%-ы және 11-12 жас аралығындағы балалардың 66%-ы әлеуметтік желілер мен ойын платформаларында өз аккаунттарына ие.
Ең алаңдатарлық тұжырымдардың бірі − балалардың 15,3%-ы күнделікті, апта сайын немесе кем дегенде айына бір рет интернетте жағымсыз контентпен бетпе-бет келеді. Ол балалардың 11,7%-ы қатты күйзеліске ұшыраған. Бұл мәселе жас ұрпақ арасында киберқауіпсіздікті күшейтудің тез арада қолға алынуы керек екенін көрсетеді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, кибербуллингке куә болған балалардың басым бөлігі (52,1%) ол туралы ешкімге айтпауды жөн көреді. Ал ата-аналардың 17,6%-ы ғана тыйым салынған контентті бұғаттау және зиянды материалдарды сүзгіден өткізу құралдарын пайдаланады.
Осы тұста Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқығын қорғау комитеті ата-аналарға «Ата-ана бақылауы» қосымшасын ұсынады. Бұл – онлайн кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді құрал. Қолданбаны Play MARKET және APP STORE платформаларынан жүктеуге болады.
Ата-ана бақылауы – балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы стратегиясының бір бөлігі ғана. Балалармен ашық диалог жүргізу және олардың онлайн өмірін үнемі талқылау маңызды. Біз ата-аналар, педагогтер, АКТ-мамандары мен БАҚ өкілдерінің интернеттегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынына сенімдіміз, - деп атап өтті Балалардың құқығын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Комитет ата-аналардың ата-аналар бақылауы қосымшаларын пайдаланудың маңыздылығы туралы хабардар болуын арттыруға және оларды онлайн-кеңістікте балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімді әдістеріне үйретуге бағытталған кең ауқымды науқан өткізуді мақсат етеді.