Түркістан облысында мектеп күзетшілеріне тиесілі өтемақы аударылмаған

Динара Амантай

Прокуратура мыңға жуық адамның құқығын қорғады

Фото: Halyq Uni

Түркістан облысының прокуратурасы жалпы білім беру мектептерінің күзетшілеріне жұмысынан айырылуына байланысты берілетін тиесілі өтемақыны аудармағанын анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Білім және ғылым министрінің бұйрығымен білім беру саласындағы қызметті іске асыратын объектілер террористік тұрғыдан осал объектілерге өтуіне байланысты, оларды күзету жеке күзет агенттіктеріне берілген. Бұл құқықтық өзгерістердің салдарынан Түркістан облысының білім беру бөлімдері 1 мың 473 мектеп күзетшісімен еңбек шарттарын біржақты бұзған. Бұл ретте жұмыс беруші еңбек заңнамасының талаптарын бұза отырып, 934 жұмысшыға тиісті өтемақыны төлемеген, – делінген прокуратура хабарламасында.

Қолданылған шаралармен бір айдағы орташа жалақы мөлшерінде өтемақы төлемдері (115 млн теңге) аударылды.

Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр және облыс прокуратурасының бақылауында.