Ақтөбе облысында Ресейге жол тартқан қырғызстандықтар құтқарылды
ТЖД 30 адамды эвакуациялады
Ақтөбе облысында Ресейге бара жатқан қырғызстандық азаматтар құтқарылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыстық ТЖД мәліметінше, бүгін сағат 11:00-де Ақтөбе облысында «Самара-Шымкент» республикалық маңызы бар автожолында «Қырғызстан-РФ» бағытында қатынайтын жолаушылар автобусы ақаулығына байланысты жолда бұзылып қалған. Автобус ішінде Қырғызстанның 30 азаматы болған.
ТЖД және жергілікті атқарушы органдар күштерімен жолаушылар Хромтау қаласындағы кемпингке көшірілді. Оларға медициналық көмек қажет болмады.
ТЖМ азаматтарға ауа райы нашарлаған және автожолдарда автокөлік қозғалысына шектеулер енгізілген кезде жолға шықпауға кеңес береді.