Елде төтенше жағдай жарияланды
Эквардорда полиция мен түрмеден қашып шыққан адамдар арасында қарулы қақтығыс болып жатыр. Осыған байланысты ел президенті Даниэль Нобоа тікелей эфирде елде төтенше жағдай жариялады.
BBC-дің хабарлауынша, қарулы қақтығыс жергілікті қылмыс тобының лидері, «Фито» лақап атымен танымал Адольфо Масияс Вильямар түрмеден қашып шығуы мүмкін деген ақпарат тараған кезде басталған.
Қазір қарулы қақтығыстан кемі 10 адамның қаза тапқаны хабарланды. Қаза тапқандар арасында полицейлер де бар.
Эквадордың астанасы – Кито қаласының орталығына танкілер жеткізілді. Елдің қарулы күштері қылмыскерлердің талаптарын орындамайды. Бізді есірткі бизнесімен айналысатын қылмыстық топ үрейде ұстағысы келеді. Бірақ енді біз олардың көзін жоямыз. Бірі де қалмайды, – деді ел президенті.
Оның айтуынша, түрмеден қашып шығуы мүмкін «Фитоны» қолдайтын 21 топ бар. Қазір олар халықты қарумен қорқытып, өз талаптарын орындатқысы келеді. Әзірше полиция тәртіпсіздікке қатысы бар деген 18 адамды ұстады. Бандиттерді қолға түсіру одан әрі жалғаса береді.
Еске сала кетсек, 9 қаңтарда «Фито» туралы ақпарат шыққанда оның «Лос Чонерос» тобының мүшелері Гуаякиль қаласындағы TC Televisión телеарнасының кеңсесіне қарумен басып кіріп, бірнеше журналисті кепілге алған. Жағдай 15 минут бойы тікелей эфирде тараған. Кадрда атыс дауысы да естілген. Содан кейін арнайы қызмет телеарна ғимаратын қоршауға алып, шабуылдағандарды ұстап, олардан қарулар мен жарылғыш заттарды тәркілеген.
Бұған дейін «Лос Чонерос» тобынан басқа да қарулы топтар Гуаякиль қаласында полиция бөлімшелеріне, мектептер мен университеттерге шабуылдаған. Қарулы топ мүшелері полицейлер мен түрме қызметкерлерін ұрып жатқан видеоларды да таратқан.
Әзірше жергілікті қылмыстық топ басшысының қайда екенін белгісіз. Ол түрмеден қашып шықпаса, соның бір жерінде жасырынуы мүмкін деген мәлімет бар. Өйткені ол жазасын өтеп жатқан түрменің аумағы Гуаякиль қаласы үшін тым үлкен. Бұл жерде 12 мыңнан астам адам жазасын өтеп жатыр. «Фито» жетекшілік ететін қылмыстық топ осы түрмені өз бақылауында ұстайды деген де дерек бар.
«Фито» 2020 жылы президентікке кандидат болған белгілі журналист Фернандо Вильявисенсионың қазасына кінәлі деп айыпталып, 12 жылға сотталған болатын. Оған дейін де ол осы түрмеде отырып, қашып шыққан.